Уайлдер – Ортис. Ван Даммның “сценариімен” өткен жекпе-жек

2018 ж. 4 наурыз
Уайлдер – Ортис. Ван Даммның “сценариімен” өткен жекпе-жек

Кәсіпқой бокс әлемінің «құбыжығы» Деонтей Уайлдер бүгін Бруклинде өз карьерасындағы ең ауыр жекпе-жектерінің бірін өткізіп, кубалық «Кинг-Конг» Луис Ортисті нокаутпен жеңді.

«Showtime» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен Нью-Йорктің маңындағы Бруклин қалашығында өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде, шыны керек, мамандар мен жанкүйерлердің көпшілігі кубалықтың жеңісіне сенімді болған. Екеуі де өз ғұмырында жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшылар болғанымен, неге екені белгісіз, Америкада Уайлдердің өнерін бағалайтындар аз. Жолы болғыш есептей ме, әйтеуір көпшілігі оның статистикасына күмәнмен қарайды. Әйтпесе, Ортиске дейін 39 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен алып қой. Бұл жолы да жанкүйерлердің басым бөлігі кубалықтың жеңісіне сенімді болды. «Нағыз мықтыға енді кезікті, жеңіледі» десті шаршы алаңның төңірегінде жүрген мамандар. Ал салмақ өлшеу рәсімінде «Кинг-Конг» Уайлдерден тұп-тура 12 келіге ауыр болып шықты. Яғни, 97,4 – 107,4 келі.

Дегенмен, «Құбыжықтың» өзі жеңісіне сенімді еді. «Соңғы кездері барлық жерде көзіме 3 деген сан қайта-қайта түсе беретін болып жүр. Ортисті үшінші раундтан асырмаймын», – деді жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында Уайлдер.

Бірақ, бесінші раундқа дейін боксшылар бір-бірін аңдысумен болды. Ал алтыншы раундтан бастап Ортис айқас тізгінін өз қолына алды да, қарсыласын төпелей жөнелді. Бас көтертпей тастады. «Біткен жері осы ғой», – деп біз де ойладық. Құлауға шақ жүрді. Әбден шаршады. Алайда, қарсыласын да шаршатты. Жекпе-жектің 10-шы раундында, құдды бір, Жан-Клод Ван Даммның киноларындағыдай, екінші тынысы ашылған Уайлдер «Кинг-Конгқа» бірнеше ауыр соққы жұмсап, жерге етпетінен құлатты. Ортис орнынан көтерілгенімен америкалықтың кезекті ауыр соққысынан кейін сеспей қатты.

– Өзімнің нағыз чемпион екенімді дәлелдедім. Кез келген соққыны көтеріп, айқастың тағдырын өз пайдама шеше алатынымды көрсеттім, – деп айқайлады жекпе-жектен кейін Деонтей Уайлдер.

Иә, расымен де Ортистің әлгіндей ауыр соққыларына шыдаған Уайлдер расымен де мықты екен. Дегенмен, британдық Энтони Джошуамен кездессе, қалай болар екен? Қанша дегенмен, Джошуаның физикасы Ортистікінен әлдеқайда жақсы ғой. Бұл жекпе-жекті алдағы бір-екі жылда көріп те қалатын секілдіміз.

Текст: Sadvakas Maikibayev