Поветкин – Прайс. Ұлыбританиялық боксшыны құлатқан ресейлік алып енді кіммен айқасады?

2018 ж. 1 сәуір
Поветкин – Прайс. Ұлыбританиялық боксшыны құлатқан ресейлік алып енді кіммен айқасады?

Уэльс астанасы Кардифте өткен кәсіпқой бокс кешінде ресейлік алып Александр Поветкин ұлыбританиялық Дэвид Прайспен кездесіп, бесінші раундта нокаутқа түсірді.

Кәсіпқой бокста 13 жылдай жұдырықтасып, осы аралықта 35 жекпе-жек өткізген, Ресейден бөлек, Германия мен Финляндияның шаршы алаңдарында айқасқан 38 жастағы Поветкин бірінші рет Британияға сапар шегіп тұр екен.

– Әуесқой бокспен айналысып жүргенімде келгенім болмаса, мұнда ірі жекпе-жектер өткізіп көрмеппін. Сондықтан, аздап толқып тұрғаным рас. Қарсыласым өзінің ұзын қолын пайдалана алмауы үшін маған бұл жекпе-жекте жақын қашықтықта жұдырықтасу керек. Сондай-ақ, бас-көз жоқ алға атойлай бермей, сауатты қозғалып, иық пен басты дұрыс жұмыс істете білу қажет, – деген жекпе-жектің алдында ресейлік алып.

Расымен де, Поветкин қарсыласына қарағанда шаршы алаңда сауатты қозғалды. Үшінші раундта Прайсты есеңгіретіп те тастаған. Алайда, соққысы аса ауыр болған жоқ. Төреші есеп ашқанымен Дэвид дереу ес жиып үлгерді. Ал сол раундтың соңында ресейліктің өзі нокдаун алып, оны нокауттан керілген арқан ғана құтқарып қалды. Алайда, «мұнымен жетеді» деді ғой деймін, бесінші раундта Поветкин қарқынын үдете түсті. Сөйтті де шабуылдарының бірінде алдымен оң қолымен құлаштап ұрып, қарсыласын қисайтты да, сол қолымен апперкотты әдемі орындап, құйрыққа отырғызды. Төреші жекпе-жекті ары қарай жалғастыруды жөн деп таппады. Нокаут.

Осылайша, Александр Поветкин өзінің жеңістерінің санын 34-ке дейін жеткізіп, 24-ші қарсыласын нокаутқа түсіріп отыр. Сондай-ақ, аса ауыр салмақ дәрежесінде WBA Inter-Continental және WBO International чемпиондық белбеулерінің иегері атанды. Енді оның келесі қарсыласы алыптардың ең мықтысы саналатын Энтони Джошуа болуы әбден мүмкін. Ал Дэвид Прайс үшін бұл кәсіпқой бокстағы 27 кездесуінің бесінші жеңілісі. Бесеуінде де британдық нокаутпен ұтылған.

Текст: Sadvakas Maikibayev