НВО неліктен бокстан бас тартты немесе бұған “Тақтар таласының” қатысы қанша?

2018 ж. 1 қазан
НВО неліктен бокстан бас тартты немесе бұған “Тақтар таласының” қатысы қанша?

Өткен аптаның екінші жартысында әлемнің алпауыт агенттіктерінің бірі НВО телеарнасының кәсіпқой бокстан бас тартқаны белгілі болды. Бұл не? Бәсекелестікке төзе алмаушылық па, әлде қызығушылықтың жойылғаны ма?

Тарихы сонау 1972 жылдан бастау алатын НВО телеарнасының негізгі арнасынан бөлек, жеті тармағы бар. Бірі әзілге арналған, екіншісі отбасыға арналған, үшіншісі әйелдерге арналған… осылай кете береді. Дегенмен, барлық арнасы негізінен сериалдар мен көркем фильмдерге басымдық береді. Тіпті эротикалық киноларға арналған жеке арнасы да бар.

Ал боксты 1973 жылдан бері көрсетіп келеді. Телеарнадағы алғашқы айқас аса ауыр салмақ дәрежесінде Джо Фрейзер мен Джордж Форман арасында ұйымдастырылған. Кейін Мұхамед Әли, Рэй Леонард, Марвин Хаглер, Майк Тайсон, Оскар Де Ла Хойя, Бернард Хопкинс, Шейн Мосли, Рой Джонс, Артуро Гатти, Рикки Хаттон, Эвандер Холлифилд, Феликс Тринидад, Хулио Сезар Чавес, Флойд Мейуэзер, Мэнни Пакьяо, Владимир Кличко, Леннокс Льюис, Геннадий Головкин, Сауль Альварес сияқты мықтылармен келісімшартқа отырған. Кейін 1986 жылы «Шоутайм» телеарнасы да боксқа ден қоя бастап, басты бәсекелесіне айналғанымен НВО бәрібір бұл тұрғыда жеңіс тұғырынан түскен жоқ. 45 жылдың ішінде талай әлемдік деңгейдегі ғаламат жекпе-жектерді ұйымдастырыпты. Бірақ, өткен аптаның екінші жартысында HBO Sports вице-президенті Питер Нильсен келесі жылдан бастап телеарнаның бокстан бас тартатыны туралы мәлімдеді. Неге? Неліктен? Не себеп болды? Әртүрлі етіп қойғанымызбен сұрақтың мәні бір ғой. Жауабын іздеп көрелік.

Біздіңше екі себебі бар. Біріншісі, расымен де бәсекелестіктің тым күшейіп кетуі шығар. Кейінгі кездері НВО-ға тек «Шоутайм» емес, ESPN телеарнасы да боксшыларды жинай бастады. Мәселен, белгілі промоутер Боб Арум дәл осы арнамен келісімшартқа отырып, жылына 54 жекпе-жек кешін ұйымдастыруды мойнына алыпты. Бұған екінші деңгейлі бокс кештерін ұйымдастырып жүрген Fox телеарнасын да қосыңыз. Ал биыл жыл басында британиялық промоутер Эдди Хирн DAZN стримингтік арнасымен 8 жылға 1 миллиард долларға келісімшартқа отырды. Басқа да «балақтан тістеген» ұсақ-түйек арналар жеткілікті. Сондықтан, НВО басшылығының да жүйкелері темірден емес. Оның үстіне, телеарна бокстан бөлек, Ұлттық хоккей лигасын, Ұлттық баскетбол лигасын, регби, америкалық футбол ойындарын көрсетіп жүр. Кәсіпқой бокстан бас тартуының бір себебі осы болса керек.

Сонымен қатар, кәсіпқой бокстан бас тартқанын мәлімдеген Питер Нильсен, «Біз ұзақ зерттедік. НВО телеарнасының дамуына, тіркелушілер санының артуына бокстың ешқандай да қатысы жоқ», – деп ағынан жарылған болатын. Сөзінен ұққанымыз, кейінгі кездері АҚШ аудиториясының спорттың бұл түріне қызығушылығы азайып бара жатқан сияқты. Бұл рас та шығар. Канело мен Головкиннің реваншынан кейін біз де сондай ойға қалған болатынбыз.

Ал НВО, жоғарыда жазғанымыздай, негізінен сериалдар мен көркем фильмдерге басымдық беретін арналар желісі. «Сопрано қауымы», «Дэдвуд», «Нағыз детектив», «Тақтар таласы» сынды сериалдарымен танылған. Ал келесі жылы «Тақтар таласының» 8-ші маусымы көрермендерге жол тартпақ. Оның әр сериясы 15 миллион долларды құрап, жалпы маусымның шығыны 90 миллионға жетпек екен.  Міне, қазір НВО басшыларының бастары осы жобамен қатып жүр.

Сонымен, НВО бокспен 24 қарашада қоштаспақ. Бұл кеште ресейлік Дмитрий Бивол мен америкалық Джо Смит жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық атағына таласады.

Текст: Sadvakas Maikibayev