Маусым айының ТОП-7 жекпе-жегі

2018 ж. 2 маусым
Маусым айының ТОП-7 жекпе-жегі

Мамырда Головкин мен Мартиросянның жекпе-жегі тамашаладық. Тони Белью мен Давид Хэй айқасты. Василий Ломаченко мен Хорхе Линарестің де текетіресі әлі талай жыл жұрт аузында жүреді. Дегенмен, алдағы ай да кәсіпқой бокс әлемінде қызықты айқастарын сыйламақ. Назарларыңызға маусым айының ТОП-7 жекпе-жегінің хронологиясын ұсынамыз.

9 маусым, Лас Вегас (АҚШ).

Теренс КРОУФОРД (АҚШ, 32-0, 23 KO) – Джеф ХОРН (Аустралия, 18-0-1, 12 KO)

Жартылай орта салмақ дәрежесі

Кәсіпқой бокс әлеміне өткен жылдың шілдесінде әйгілі Мэнни Пакьяоны жеңгеннен кейін кеңінен танылған Джеф Хорн мен таныстыруды қажет етпейтін америкалық боксшы Теренс Кроуфорд 9 маусым күні Лас Вегаста айқаспақ. Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі барлық белбеуді біріктіріп, абсолютті чемпион атанған Кроуфорд үшін алдағы айқас жартылай орта салмақтағы бірінші жекпе-жек болмақ. Ортаға Хорнға тиесілі WBO белбеуі шығарылады. Жалпы, жекпе-жек 14 сәуірде өтуі тиіс болатын. Алайда, Кроуфорд қолынан жарақат алып қалғаннан кейін қос мықтының кездесуі маусымның 9-ына шегерілген-ді. Бір қызығы, бұған дейін Хорн кәсіпқой бокста Аустралиядан тысқары жерде жұдырықтасып көрген жоқ.

9 маусым, Лос Анджелес (АҚШ).

Джермейлл ЧАРЛО (АҚШ, 30-0, 15 KO) – Остин ТРАУТ (АҚШ, 31-4, 17 KO)

Екінші жартылай орта салмақ дәрежесі

9 маусым күні Лос Анджелестегі кәсіпқой бокс кешінің басты айқасында шаршы алаңға америкалықтар Джермейлл Чарло мен Остин Траут шығады. Бұл Остин үшін чемпион болудың соңғы мүмкіндігі. Кейінгі кездері аса жолы болмай жүрген боксшы былтыр Джермейллдің сыңарынан да жеңіліп қалған болатын. Сонау 2012 жылдан бері чемпиондықтың дәмін сезініп көрмеген Траут бұл жолы аянып қалмас. Ал Чарло шаршы алаңға былтыр қазан айынан кейін әлі шықпаған. Соған қарамастан WBC тұжырымының чемпиондық атағын қорғап қалуға шамасы жетеді.

9 маусым, Лос Анджелес (АҚШ).

Лео САНТА КРУС (Мексика, 34-1-1, 19 KO) – Абнер МАРЕС (Мексика, 31-2-1, 15 KO)

Жартылай жеңіл салмақ дәрежесі

Ал Чарло мен Трауттың бас андеркартында шаршы алаңға мексикалықтар Лео Санта Крус пен Абнер Марес шығады. Бұл олардың екінші кездесуі. Алғаш рет 2015 жылдың тамызында жұдырықтасып, 12 раундтың қорытындысы бойынша Санта Крус жеңген. Содан бері бұл боксшы жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде WBA Super белбеуінің иегері. Ал Марес қазір дәл осы тұжырым бойынша тұрақты чемпион. Қалай ойлайсыз, жекпе-жек тағы да 12 раундқа созыла ма, әлде нокаут көреміз бе?

16 маусым, Фриско (АҚШ).

Эррол СПЕНС (АҚШ, 23-0, 20 KO) – Карлос ОКАМПО (Мексика, 22-0, 13 KO)

Жартылай орта салмақ дәрежесі

Былтыр Ұлыбританияға барып, Келл Бруктан ІВҒ белбеуін тартып алған Эррол Спенс чемпиондық атағын екінші рет қорғамақ. Кәсіпқой бокста 23 айқас өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен, 20 қарсыласын нокаутқа түсірген ол 16 маусымда тағы бір жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшы Карлос Окампомен айқаспақ. Мексикалықтың еншісінде 22 жекпе-жек бар. Бәрінде де жеңіске жеткен. Дегенмен, өз карьерасында ешқашан Мексикадан тысқары жерге шықпапты. Сондықтан, бірінші ретте Окампоға бұл айқаста Эрролды емес, өз психологиясын жеңуі қажет болады.

23 маусым, Мерида (Мексика).

Мигель БЕРЧЕЛЬТ (Мексика, 33-1, 29 KO) – Виктор Баррос (Аргентина, 41-5-1, 22 KO)

Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесі

23 маусым күні мексикалық Мигель Берчельт екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBC чемпиондық атағын үшінші рет қорғау үшін аргентиналық Джонатан Виктор Барроспен айқасады. Бұл қазақстандық боксшылар Бекман Сойлыбаев пен Айдар Шәрібаевтың да салмағы болғандықтан Мексиканың Мерида қаласындағы айқас қазақстандықтар үшін де қызық болуы тиіс.

23 маусым, Гринвич (Ұлыбритания).

Билли Джо СОНДЕРС (Ұлыбритания, 26-0, 12 KO) – Мартин МЮРРЕЙ (Ұлыбритания, 36-4-1, 17 KO)

Орта салмақ дәрежесі

Жылына ары кетсе екі-ақ рет жекпе-жекке шығатын орта салмақ дәрежесіндегі WBO чемпионы Билли Джо Сондерс Гринвичте өзінің отандасы Мартин Мюррейге қарсы шаршы алаңға шықпақ. Белбеуін сары майдай сақтап жүрген «Сығанның» қарсыласы өте қарымды. Ешкімнен сескенбейтін батыл боксшы. Рас, осы күнге дейін төрт рет жеңіліп үлгерген. Бірақ, қай боксшыдан болмасын, қашқан емес. Кейбір мамандар бұл жекпе-жекте Мюррейдің жеңіп кетуі де мүмкін екендігін айтады.

30 маусым, Оклахома сити (АҚШ).

Джилберто РАМИРЕС (Мексика, 37-0, 25 KO) – Румер Алексис АНГУЛО (Колумбия, 23-0, 20 KO)

Екінші орта салмақ дәрежесі

Маусым өте қызықты жекпе-жекпен қорытындалайын деп тұр. Оклахомада өтетін кәсіпқой бокс кешінде жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген қос боксшы мексикалық Джилберто Рамирес пен колумбиялық Алексис Ангуло айқасады. Рамирес өзіне тиесілі WBO белбеуін алтыншы рет қорғап көрмек. Жерлесіміз Геннадий Головкиннің болашақ потенциалды қарсыласының қарқынына колумбиялық қара жігіт төтеп бере алар ма екен?

Текст: Sadvakas Maikibayev