«Крашерге» қай чемпионмен айқасқан тиімді?

2017 ж. 30 қараша
«Крашерге» қай чемпионмен айқасқан тиімді?

Қарашаның 26-сы күні украиналық Вячеслав Шабранскийді нокаутқа жіберіп, жартылай ауыр салмақтағы WBO чемпиондық белбеуін жеңіп алған Сергей Ковалевтің шаршы алаңдағы келесі жекпе-жегін қашан өткізетіні белгілі болды. Ал қарсыласы кім болар екен?

Шабранскийді екінші раундта-ақ екі бүктеген ресейлік боксшы жекпе-жектен кейін журналистің «Енді кіммен жұдырықтасқыңыз келеді?» деген сұрағына «Менің тізімімде Адонис «Чикенсон» тұр. Бірақ мен кез келген чемпионға дайынмын. Биволмен де, Бетербиевпен айқасуға әзірмін. Жалпы, қазір жай ғана чемпиондық белбеудің иегерімін. Алда жартылай ауыр салмақтың үздігін анықтауымыз керек», – деп жауап берген.

Сергей Ковалевтің келесі жекпе-жегі 2018 жылдың 3 наурызына белгіленген екен. Ал «Крашерге» кіммен, қайысысымен жұдырықтасқан тиімді? Соны саралап көрелік.

«Чикенсон» деп тұрғаны – Адонис Стивенсон. Өз салмағында WBC белбеуінің иегері. Кәсіпқой бокста жүргеніне 10 жылдан асқан канадалық өмірінде бір-ақ рет жеңілген. Онда да күтпеген жерден АҚШ-тың ортанқол боксшысы Дарнелл Буннан екінші раундта нокаут алып қалған. Бірақ, кейін қарымта айқас өткізіп, есе қайтарған. Жасы 40-тан асқан Адонис тәжірибелі боксшы болғанымен қайраты қайтып барады. Сондықтан шығар, былтырдан бері жылына бір рет қана шаршы алаңға шығып жүр. Биылдыққа жоспарын орындап та қойып, маусымның 3-і күні поляк Анджей Фонфараны 3-ші раундта құлатқан. Келесі жекпе-жегін қашан өткізетінін әлі жоспарлаған жоқ. Алайда, Сергей Ковалевпен жұдырықтасқысы келмейтін де секілді. Нақты айтсақ, әлгі Фонфараны жеңгеннен кейін «Ковалев менің жоспарыма кірмейді» деп ашып айтқан болатын. Кім біледі, көктемге дейін ойын өзгертіп те қалатын шығар. Егер Стивенсонмен шаршы алаңға шығар болса, бұл «Крашер» үшін үлкен олжа болар еді. Өйткені, бұл үлкен жекпе-жек қана емес, жеңіске жетуге болатын да айқас. Бұдан бөлек, Ковалев үшін беліне тағы бір белбеуді тағудың зор мүмкіндігі.

Дмитрий Бивол WBA белбеуінің иегері, ал Артур Бетербиевке ІBF белбеуі тиесілі. Бірақ екі ресейлік те Америкада аса атақты емес. Бірақ, Ковалев бұл екеуінің қайсысымен айқасса да, Ресей үшін ғана емес, бүкіл ТМД елдерінің жанкүйерлері үшін аса қызықты айқас болар еді. Үш ресейліктің қайсысы мықты екенін өздері де бұрыннан анықтағысы келіп жүргені де жасырын емес болар. Кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп үлгерген 26 жасар Бивол биыл ғана әлемдік белбеуге ие болды. Бетербиев те солай. Андре Уордтан босаған ІВҒ белбеуін осы айдың 11-інде ұтып алған.

Жартылай ауыр салмақтың барлық белбеуін біріктіру жолында «Крашерді» үлкен жұмыстар күтіп тұрғаны анық.

Текст: Sadvakas Maikibayev