Ковалев – Михалкин. “Крашер” мықты болды ма, әлде қарсыласы әлсіз бе?

2018 ж. 4 наурыз
Ковалев – Михалкин. “Крашер” мықты болды ма, әлде қарсыласы әлсіз бе?

Ресейлік боксшы Сергей Ковалев Нью-Йоркте өзінің отандасы Игорь Михалкинмен кездесіп, жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі өзінің WBO чемпиондық белбеуін қорғап қалды.

«Мэдиссон-Сквер Гарден» аренасында НВО телеарнасының ұйымдастыруымен өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегі жеті раундта аяқталды. Айқас бойы тізгінді өз қолында ұстап, әр раундта қарсыласынан басым болған «Крашердің» сериялық соққыларынан кейін Михалкиннің бет-жүзі бірнеше жерден тілім-тілім болып, рефери жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Иә, Михалкиннің бұл айқаста ешнәрсе көрсете алмағаны соншалықты, айқастан кейін Ковалев мықты болды ма, әлде қарсыласы әлсіз болды ма, ол жағын бағамдап үлгермей қалдық. Ара-қашықтықты тамаша ұстаған «Крашер» қарсыласын өзіне жақындатқан да жоқ. «Кеңестік стандарттағы» «бір-екі» соққыларымен-ақ Михалкиннің бетін қайтарып отырды. Джебті де қалауынша пайдаланып, оң қолын да дер кезінде сілтеп отырды. Бірақ, мұның барлығы қарсыласының әлсіздігінен де шығар. Әйтпесе, Бивол немесе Бетербиев, Баду Джектерге қарсы мұндай әдістер өтпейді-ау. Неде болса, бұл Сергей Ковалевтің кәсіпқой бокстағы 32-ші жеңісі, 28-ші нокауты. Бұдан бөлек, екі рет жеңіліп, бір рет тең түскен. Ал Михалкин өз ғұмырында екінші рет жеңіліп отыр. Бірінші рет нокаут алып қалды. 21 жеңісі бар.

Жалпы, байқаймыз, Уордтан қатарынан екі рет жеңіліп қалғаннан кейін Ковалев қарсыласты байқап таңдайтын болған. Мұның алдындағы украиналық Шабранский де, бүгінгі қарсыласы Михалкин де аса мықты боксшылардың қатарынан емес. Бәлкім, келесі айқасында өзіне лайықты боксшымен шаршы алаңға шығар.

Текст: Sadvakas Maikibayev