Қазақстан жігіттері сегізінші лицензиядан да үмітті – Өзбекстан алтаумен шектелді

2020 ж. 10 наурыз
Қазақстан жігіттері сегізінші лицензиядан да үмітті – Өзбекстан алтаумен шектелді

Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы Токио Олимпиадасының іріктеу турнирінде жартылай финалға шыққан боксшылардың бәрі де анықталды. Әрі кешеден бері қосымша лицензиялар да сарапқа салына бастады. Өздеріңіз білесіздер, біздің елден жартылай финалға 7 боксшы шығып, жетеуі де Олимпиада жолдамасына ие болды.

Қазақстан құрамсы сапынан тек 52 келі салмақ дәрежесіндегі Сәкен Бибосынов ширек финалда ұтылып қалды. Алайда жартылай финалға шыға алмағанымен, осы салмақтағы қалған (немесе қосымша) екі жолдаманың бірінен үмітті. Енді ол өзі сияқты ширек финалда ұтылып қалған Филиппин жігіті Карло Пааламмен кездесуі керек.

Ал Өзбекстан құрамасы 6 (алты) жолдамамен шектелді. Бұған дейін жазғанымыздай, 81 келі салмақ дәрежесіндегі Дильшодбек Рузметов екінші айналымда Австралия жігіті Пауло Аукусодан ұтылып қалған. Бұдан кейін 75 келіде бақ сынайтын Фанат Кахрамонов ширек финалда біздің Әбілхан Аманқұлдан жеңілген.

Кахрамоновтың осы салмақтағы бесінші жолдама үшін сынға түскен. Бұл лицензия ширек финалда ұтылған төрт боксшы арасында сарапқа салынды. Әуелі «Semifinals Box Offs» (жартылай финалдық) жекпе-жектер өткізілді. Онда Өзбекстан боксшысы Иран жігіті Мусави Сейедшахинен ұтылып қалды (1:4). Парсы жігіті енді моңғол Отгонбатаар Биамба-Ерденемен кездеседі. Жеңгені 2020 жылғы Олимпиада лицензиясына ие болады.

Енді жартылай финалға қай елден қанша боксшы шыққанына көңіл аударайық:

Қазақстан – 7

Өзбекстан – 6

Иордания – 5

Үндістан – 4

Қытай – 3

Австралия – 2

Вьетнам, Жаңа Зеландия, Моңғолия, Таиланд, Филиппин – 1