Фейк жаңалық болып шықты немесе Мейуэзер жекпе-жектен неге тайқыды?
Бокс әлемінің таңдаулысы болып танылған Флойд Мейуэзер жапониялық Теншин Насукавамен төбелеспейтін болды. Былайша айтқанда, бұл жаңалық фейк болып шықты.
Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні әлемдік ақпарат құралдары Флойд Мейуэзерді жапониялық Теншин Насукавамен төбелесі деп жарыса жазған болатын. Расымен де, Күншығыс елінің Сайтама қаласында өткен баспасөз мәслихатында қос тарап ММА ережесі бойынша төбелесуге келісім білдіріп, ортақ суретке де түскен. Тіпті, Мейуэзердің гонорары да есептеліп, осы төбелес үшін америкалық боксшы 88 миллион доллар алатын болып шешілген. Алайда, айқас болмайтын болды. Бұл туралы өзінің инстаграмдағы жеке парақшасында Мейуэзердің өзі мәлімдеді.
– Біріншіден, мен Флойд Мейуэзер ешқашан Теншин Насукавамен төбелесуге келісім берген жоқпын. Шынын айтқанда, Жапонияға келмей тұрып бұл жігітті таныған да емеспін. Кім екенін де білмегем. Менен ұйымдастырушылар барлығы тоғыз минуттан тұратын үш раундтық көрсетілім жекпе-жекке қатысуымды сұрады. One Entertainment өкілі Брент Джонсонның айтуынша, бұл жекпе-жек кішігірім бай адамдар тобына арналуы тиіс болатын. Маған төленетін гонорар да жоғары еді. Ешқандай да ресми жекпе-жек емес және бүкіл әлемге трансляция жасалмауы тиіс-тін. Баспасөз мәслихаты кезінде мен және командам осының барлығын естіп, жағдай бастан-аяқ өзгеріп кеткенде төбемізден жай түскендей болды. Әлбетте, біз мұны дер кезінде тоқтатуды жөн көрдік. Жанкүйерлерімнен де баспасөз мәслихатындағы жалған мәлімдемелер үшін кешірім сұраймын. Мен де шатастым. Келісімнің қалайша менің рұқсатымсыз түбегейлі өзгеріп кеткенін өзім де түсінбей қалдым. Ол кезде дауласып, шу шығаруды жөн көрмедім. Мен бокстан кетіп, қазір әлемді гастрөлдеумен-ақ және кішігірім көрсетілім жекпе-жектеріне қатысып-ақ үлкен ақша табатын адаммын, – деп жазды Флойд Мейуэзер.
Флойд осылай дейді. Бірақ, кімнің алданғанын әзірге айту қиын. Жапониялықтардың да мәлімдемесін тыңдау қызық болып тұр. Кім біледі, Мейуэзер расымен де оңай жолмен үлкен ақшаны қалтасына басқысы келген де шығар. Ал қарсыласының кім екенін білгенде, бастапқы уәдесінен тайқып шығуы да мүмкін. Қанша дегенмен, Флойд бокстан бөлек, бизнесті де әбден меңгерген менеджер. Табысқа кенелем деп масқара болғысы келмейтіні тағы бар. Сондықтан, жапониялықтардың да мәлімдемесін тыңдамай, бұл жайлы нақты түйін шығаруға әлі ерте.
Ал Теншин Насукава ше? Расымен де, қанша мықты болғанымен дүйсенбіге дейін бұл жігіт туралы ешкім де білген жоқ. Мейуэзердің арқасында өзінің атағын асқақтатып алды. Енді оған UFC тарапынан да ұсыныстар болуы ғажап емес. Яғни, Флойдтың бұл жекпе-жектен бас тартуынан Насукава ұтылмады.