Данияр Елеусінов шаршы алаңға сәуірде шығады
Данияр Елеусінов (9-0, 5 KO) кәсіпқой бокстағы оныншы жекпе-жегін 17 сәуір күні Оксон Хиллдегі (АҚШ) «MGM National Harbor» аренасында өткізеді. Дәл осы күні өтетін бокс кешінде бірінші жартылай орта салмақтағы экс-чемпиондар Реджис Прогрейс (24-1-0, 20 KO) және Морис Хукер (27-1-3, 18 KO) жұдырық түйістіреді.
Оксон Хиллде өтетін бокс кешінің файткарды әлі толық түзілмеген. BoxRec сайтында әзірше екі-ақ жұп тіркелген. Прогрейс пен Хукерден бөлек Люк Кэмпбелл (20-3-0, 16 KO) және Хавьер Фортуна (35-2-1, 24 KO) айқасатын көрінеді. Осы кештің көрігін біздің Данияр Елеусінов те қыздыратын болыпты. Әзірше қарсыласы белгісіз екен.
Данияр Елеусінов – бүкіл қазақтың кәсіпқой бокс рингінде ерекше үміт артып отырған саңлақтарының бірі. Сондықтан қазақ жанкүйерлері оның әрбір жекпе-жегін сарыла күтіп жүр. Кәсіпқой боксқа 2018 жылы сәуір айында ауысқан Олимпиада чемпионы соңғы кездесуін желтоқсанда өткізіп, америкалық Алан Санчесті (20-5-1, 10 KO) техникалық нокаутпен (бесінші раундта) жеңген болатын.