Бокс әлеміндегі әйгілі ағайындылар

2018 ж. 23 қазан
Бокс әлеміндегі әйгілі ағайындылар

Кәсіпқой бокс әлеміндегі ағайындылар дегенде бірінші ретте есімізге украиналық Кличколар мен өзіміздің Головкиндер түседі. Алайда, алғашқылары кәсіпқой карьераларын аяқтаған. Ал Головкиндердің Максимі кәсіпқой шаршы алаңның шаңын шығарып көрмеген. Дегенмен, бүгінде олардан басқа да боксшылар аз емес. Тіпті, кейбірі бір салмақта жұдырықтасып жатады. Назарларыңызға кәсіпқой бокс әлеміндегі ТОП-5 ағайынды боксшыларды ұсынамыз.

Біз бұл рейтингке «inactive»-терді қосқан жоқпыз. Сондықтан, Рикки және Мэтью Хаттондарды, Мигель және Хосе Коттоларды, Роберто және Майки Гарсияларды қосуды жөн көрмедік. Әлі де шаршы алаңда жүрген ағайындыларды ғана тізіп отырмыз.

Дмитрий (21-3-2, 13КО) және Федор (18-2, 12КО) ЧУДИНОВТАР (Ресей)

2009 жылы кәсіпқой боксқа түбегейлі бет бұрып, шабадандарын жиған күйі Америкаға аттанып кеткен ағайынды Чудиновтарға бокс әлемі үлкен үміт артты. Үлкенін тіпті, Головкинді тоқтататын бірден-бір боксшыға балағандар да көп болды. Расымен де, Дмитрий карьерасын керемет бастады. Айналдырған төрт жылдың ішінде орта салмақта WBA тұжырымының уақытша чемпионы дәрежесіне дейін жетті. Бірақ, 2015-те Крис Юбенктен жеңіліп қалды да, сол күйі есін жия алмай кетті.

Екінші орта салмақта жұдырықтасатын Федор Чудинов та WBA чемпионы деңгейіне дейін жетті. 2015 жылдың ақпанында ағасы Крис Юбенктен жеңілгенде араға үш ай салып, Федя Франкфуртте Феликс Штурмды жеңіп, әлемді бір шулатқан еді. Алайда, қарымта айқас немістің пайдасына шешіліп, келесі кездесуінде Джордж Гроувспен жұдырықтасқан Федор нокаутпен ұтылды да, құздан бір-ақ құлады. Қазір екеуі де өз кездесулерін көбіне Ресейде өткізіп жүр.

Хулио-Сезар (50-3-1, 32КО) және Омар (36-5-1, 24) ЧАВЕСТЕР (Мексика)

«Отызда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал ала алмайсың» деп жатады ғой. Бұл тұрғыда Хулио-Сезар бәріне үлгерді. Әлем чемпионы атанып, ең мықты боксшылардың бестігінен орын алған кезі де болды. Алайда, інісі Омар, шыны керек, осы уақытқа дейін еш мықтылығын көрсете алмады. Ай, айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, 2009 жылы Омар шаршы алаңда қарсыласын өлтіріп қойғаны бар. Отандасы Марко Назаретпен жұдырықтасқан Омар Чавес қарсыласын аяған жоқ. Кенет 4-ші раундтан кейін өз орнына отырған Назарет сұлқ түсіп, бірден ауруханаға жеткізілді. Ол жақта үш сағаттық ота да көмектесе алмай, боксшы сол жерде жан тәсілім етті. Хулио-Сезар соңғы рет былтыр мамыр айында шаршы алаңға шығып, Сауль Альварестен ұтылса, соңғы екі кездесуінде ұтылған Омар осы жексенбіде өзінің кәсіпқой бокстағы 43-ші жекпе-жегін өткізеді.

Қалай десек те, екі боксшы да әйгілі әкелерінің тырнақтарына да татымады.

Сауль (50-1-2, 34КО) және Рамон (27-6-3, 16КО) АЛЬВАРЕСТЕР (Мексика)

Сауль Альваресті күллі әлем танитын шығар. Сондықтан, ағасы жайлы ғана айтайық, Роман «Канелодан» төрт жасқа үлкен және түрі ешқандай сары емес, кәдімгі аққұба жігіт. Канелодан төрт жас үлкен болса да, кәсіпқой боксқа інісінен үш жыл кеш келген. Сөйтіп, 2008 жылы бірден бірінші айқасында-ақ ұтылып қалды. Бүгінде орта салмақта жұдырықтасатын Рамон ешқашан әлем чемпионы атағына таласып көрмеген.

Джермелл (31-0, 15КО) және Джермалл (27-0, 21КО) ЧАРЛОЛАР (АҚШ)

Бұлар ағайынды ғана емес, бокс әлеміндегі егіздер. Бертінге дейін екеуі екінші жартылай орта салмақ дәрежесін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келді. Тіпті, ағайынды Кличколардың жасаған трюктарын қайталап, барлық белбеуді біріктерін шығар деп ойлағанбыз. Алайда, Джермал орта салмаққа көтерілуді жөн көрді. Болашақта Геннадий Головкинмен қолғап түйістіруі мүмкін. Оның артынан Джермелл де ілесіп келсе таңғалмаймыз. Бұл ағайындар әлеуеттерін әлемге әлі толық паш еткен жоқ. Әлі 30-ға да толмағанын ескерсек, екеуінің де болашақтары әлі алда.

Тайсон (27-0, 19КО) және Хьюи ФЬЮРИЛЕР (Ұлыбритания)

Рас, екеуі туған ағайындылар емес. Бірақ, Хьюи Тайсонның өте жақын бауыры. Сондай-ақ, екеуін де бүгінде Хьюидің әкесі Питер жаттықтырып жүр. Екеуі де бір салмақта. Әлбетте, бокс әлемі Тайсонды жақсы біледі. Алайда, әуесқой бокста Хьюидің жетістіктері жоғарырақ. Жастар арасында әлем чемпионы атанған. Сөйтіп, 2013 жылы 18 жасында кәсіпқой боксқа ауысып кетті. Бүгінде алыптар рейтингінде 21-ші орында тұр. Жалғыз жеңілісін жаңа зеландиялық Джозеф Паркерден тапқан. Келесі кездесуін осы сенбіде Софияда болгариялық Кубрат Пулевке қарсы өткізеді. Өз кезегінде екі жылдық үзілістен кейін былғары қолғабын қайта киген шоумен Тайсон 1 желтоқсанда Лос-Анджелесте өтетін суперайқасқа дайындалуда.

Бонус. Дәурен (7-0-1, 6КО) және Данияр (4-0, 2КО) ЕЛЕУСІНОВТЕР

Қазақта да ағайынды мықтылар бар. Дәурен және Данияр Елеусіновтер. Дәурен кәсіпқой бокста 2014 жылдан бері жүр. Бір рет тең түсіп қалғаны болмаса, қалған айқастарының барлығында жеңіске жеткен. Алтауын нокаутпен ұтыпты. Қазір Астанада. Америкаға тағы бір барып келудің жағдайын қарастыруда. Ал биыл Эдди Хирнмен келісімшартқа отырған Олимпиада және әлем чемпионы Данияр жыл басынан бері төрт рет шаршы алаңға шығып үлгерді. Ендігісі қарашаның 24-інде Монте-Карлода өтеді. Бұйыртса, екеуінің тым болмағанда біреуі әлем чемпионы атануы тиіс.

Текст: Sadvakas Maikibayev