​БІРГЕ ЖАНКҮЙЕР БОЛАЙЫҚ: Желтоқсанда шаршы алаңға шығатын қазақстандық бокшылар

2024 ж. 1 желтоқсан
​БІРГЕ ЖАНКҮЙЕР БОЛАЙЫҚ: Желтоқсанда шаршы алаңға шығатын қазақстандық бокшылар

Желтоқсан айында кәсіпқой боксшылар өз жанкүйерлерін жарқын жекпе-жектерімен қуантпақ. 2024 жылдың соңында қазақстандық танымал боксшылар шаршы алаңға көтеріліп, кезекті жекпе-жектерін өткізеді. Осы айда үш қазақстандық боксшы шаршы алаңға көтеріледі. Олардың екеуі шетелде, біреуі елімізде жұдырықтасады.

Осы орайда Ring.kz порталы назарларыңызға 2024 жылдың соңғы айы – желтоқсанға жоспарланған белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшылардың жекпе-жектеріне назар аударады.

7 желтоқсан, Сұлтан Зауырбек - Дамиан Вржесинский

Өзінің кәсіби мансабындағы 19-шы жекпе-жегін екінші жеңіл салмақтағы (59 келіге дейін) қазақстандық боксшы Сұлтан Зауырбек (18-0, 13 КО) 7 желтоқсан күні Ирландияның оңтүстігіндегі Уотерфорд қаласында ұйымдастырылатын бокс кешінде өткізеді. Отандасымыздың қарсыласы - польшалық Дамиан Вржесинский, оның рекорды - 28-3-2, 7 КО.

Бірден көзге түсетіні, әрине, Вржесинскийдің статистикасы, яғни 28 жеңіс және тек 3 жеңіліс. Мұндай таңдау әдейі жасалғаны бірден байқалады, себебі егер Сұлтан осы кездесуде жеңіске жетсе, онда ол өзінің салмақ дәрежесінде WBA рейтингі бойынша көтеріле түседі деген болжам бар. Айта кетейік, қазір ол бұл рейтингте 3-ші орында тұр. Екінші жағынан, польшалық боксшысының қазақстандық боксшыға қауіп төндіруі екіталай. Оның үстіне – Дамиан қазір 37 жаста.

28 жастағы талантты боксшымыз туралы "Сұлтан Зауырбек чемпиондық атаққа таласуға қашан мүмкіндік алады?" материалымыздан толығырақ оқи аласыздар.

13 желтоқсан, Садриддин Ахмедов – Рафаэль Игбокве

Бұл Садриддин Ахмедовтың (14-0, 12 КО) екі жылғы үзілістен кейінгі 4 айдағы екінші жекпе-жегі болады. Өздеріңіз білетіндей, 26 жастағы қазақстандық 69,9 келіге дейінгі бірінші орта салмақта өнер көрсетеді.

Алдыңғы қарсыласымен салыстырғанда, 32 жастағы америкалық Рафаэль Игбокве (17-5, 7 КО) жақсырақ көрінеді. Бірақ жанкүйерлер есінде, ең алдымен, жеңілістерімен есте қалды. Дегенмен ол өзбекстандық Исраиль Мадримов (10-1-1, 7 КО) және украиналық Сергей Богачук (24-2, 23 КО) сияқты мықтылармен де кездесіп үлгерді.

2021 жылдың қыркүйегінде Богачукпен болған жекпе-жек Игбокве үшін 6 раундта аяқталды. Сол кезде оның секундтары жекпе-жекті одан әрі жалғастырудан бас тартты. Ал 2023 жылдың сәуірінде америкалық спортшы Мадримовқа қарсы барлық 10 раундқа шыдас берді. Бірақ ол кезде де ұпай саны бойынша төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіліп қалды. Ал Рафаэльдің қазір қандай деңгейде екені белгісіз, өйткені ол 1,5 жылға жуық өнер көрсеткен жоқ.

Ахмедов пен Игбоквенің жекпе-жегі 13 желтоқсанда АҚШ-тың Калифорния штатының Санта-Барбара округінде орналасқан Санта-Инезде өтеді.

Осы орайда Садриддин Ахмедовтың биыл рингке оралған жарқын жеңісі туралы мына жерден оқи аласыздар.

27 желтоқсан, Иван Дычко - Виталий Кудухов

Ауыр салмақ (90,7 келіден астам) дәрежесінде өтетін қазақстандық Иван Дычко (14-0, 13 КО) мен ресейлік Виталий Кудухов (7-2, 3 КО) арасындағы жекпе-жек 27 желтоқсанда Алматыдағы бокс кеші аясында өтеді.

Өкінішке қарай, Дычконың кәсіби мансабында ілгері қадамдар байқалмайтынын атап өткен жөн. Сайып келгенде, Олимпиаданың екі және әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері үшін 35 жастағы Кудухов сияқты қарсылас деңгейлес деуге келмес. Осыдан 7 жыл бұрын кәсіби рингте дебют жасаған жерлесіміз әлдеқайда мықты қарсыластармен жұдырықтасуға мүмкіндігі бар.

Екінші жағынан, Виталий Кудухов осы жылдың шілдесінде Мәскеуде өткен бокс кешінде екінші раундтың 49 секундында басқа қазақстандық боксшы Әли Балоевті (13-2-1, 8 КО) техникалық нокаутпен жеңген еді. Осындай жағдай Иванға қосымша мотивация болып, жарқын жеңіске жетуге жетелейтіні анық.

Не де болса, желтоқсан айында қазақстандық боксшыларға жанкүйер болып, барынша қолдау көрсетуге шақырамыз!

Сондай-ақ 2024 жылдың соңғы айы – желтоқсанға жоспарланған әлемдегі ең негізгі жекпе-жектерді ұсынамыз.