Бекзат Нұрдәулетов Австралияның Аукусосын нокдаунға түсіріп, алтынмен апталды

2020 ж. 12 наурыз
Бекзат Нұрдәулетов Австралияның Аукусосын нокдаунға түсіріп, алтынмен апталды
Фото - kfb.kz

Екі жігітіміз аса тартысты өткен жекпе-жекте ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтқанда, қапаланып қалған едік. Алайда жабырқаған көңіл-күйімізді Бекзат Нұрдәулетов жадыратты. 81 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған, 2019 жылғы Әлем чемпионатында топ жарып, иісі қазақты қуанышқа бөлеген қас батырымыз Амманда да ел сенімін ақтады.

Бекзат финалда Австралия үміті Пауло Аукусомен кездесті. «Жасыл құрлықтың» өкілі өте жылдам, шалт қимылды, әлеуеті зор боксшы екен. Бірінші раундта тайсалмай, табан тіресе айқасты. Есесін жібермеуге тырысты. Өте жылпың, соққылары да қуатты секілді. Әсіресе, өзіне ұмтылған Бекзатты қарсы соққысымен тоқтатуға талпынған әректтері қауіпті болды.

Бірақ Бекзат оның соққыларын да, қарсы шабуылдарын да елемеді. Алға қарай ентелеп, қарсыласын пәрменді соққыларымен тықсырумен болды. Бірте-бірте мысы басып, арқанға тірелген Аукусоны төпелеуін жиілетті. Әрі қарсыласының аптығын да басты, жылдамдығын да бәсеңдетті. Рингте үстемдік құрмаса да, өзіне деген сенімділігі артып, жігерлене түсті.

Үшінші раундтың соңындағы дүлей шабуылдарының бірінде Бекзат қарсыласының көзіне көк шыбын үймелетіп, есеңгіреткенде болды. Рингтегі төреші мұны байқап қалып, есеп ашты. Нокдаун! Бірақ Аукусо есін тез жиып, өзін-өзі қайрай түсті. Әйтсе де, бұл жекпе-жекте Бекзаттың мысы басым болды. Есеп – 5:0 (30:27, 29:28, 30:27, 29:28, 30:27).