Бекман Сойлыбаев – Жекпе-жек кешін асыға күтіп жүрмін

2016 ж. 12 мамыр
Бекман Сойлыбаев – Жекпе-жек кешін асыға күтіп жүрмін

Осы сенбіде қазақстандық жас жұлдыз Бекман Сойлыбаев Астанада өтетін кәсіпқой бокс кешінде WBC Eurasia Pacific чемпиондық атағына таласады. Қарсыласы грузиялық панчер Николоз Кокашвили.

– Бекман, жекпе-жек қарсаңындағы көңіл күйіңіз қалай?

– Көңіл-күй тамаша. Жекпе-жек кешін тағатсыздана күтіп жүрмін. Шаршы алаңға шыққанша асықпын. Көрермендерге әдемі айқас сыйлаймыз деп үміттенемін. Міне, кеше ғана Украина астанасы Киевтен оралдық. Енді дайындығымызды елордадада пысықтап жатырмыз.

– Киевтегі жаттығу жиыны қалай өтті? Жаттығу барысында нендей жағдайларға көңіл бөлдіңіздер?

– Киевтегі оқу-жаттығу жиыны тамаша өтті. Украиналық білікті маман Нужненко Юрий Ивановичтің қарамағында жаттықтым. Әлбетте, техникаға да, физика мен тактикаға да бірдей көңіл бөлуге тырыстық. Барлығы 10 спарринг өткізіппін. Жаттықтырушым көбіне алдыңғы қолмен жұмыс істеп, ара-қашықтықты сақтап отыруымды сұрады.

– Алдағы қарсыласыңыз грузиялық Николоз Кокашвили жайлы не білесіз?

– Өте тәжірибелі боксшы екенін білемін. Кәсіпқой шаршы алаңда барлығы 21 жекпе-жек өткізіп, оның 17-сін жеңіспен аяқтапты. Жетеуінде нокаутпен жеңсе, үшеуінде ұтылып қалып, біреуінде тең түскен. Әлбетте, әзірге толық зерттеп үлгерген жоқпыз. Бұрынғы жекпе-жектері түсірілген бейнетаспаларды қарап жатырмыз.

– Бұрынғы айқастары бойынша қандай артық-кемшіліктерін байқай алдыңыз?

– Тура бұрынғы жекпе-жектеріндегідей тактиканы ұстанады деп ойламаймын. Маған қарсы басқа амалдар қолданатын шығар. Дегенмен, көбіне құлаштап ұратынын байқап қалдым. Сондай-ақ, үнемі блок қойып жүреді екен. Бірақ екі қолының арасы ашық қалып кете береді. Шаршы алаңға шыққанда тағы басқа әлсіз тұстарын табуға тырысам ғой.

– Бекман, өзіңіздің шаршы алаңдаңы стиліңізді қай боксшылардың санатына жатқызасыз?

– Панчермін бе, әлде аутфайтермін бе, білмеймін. Оны көрермендер мен журналистердің өздері анықтай жатар. Бағасын беретін жанкүйерлер ғой. Алайда, өзіме канадалық тарлан Артуро Гаттидің жұдырықтасу мәнері ұнайтын. Оның жекпе-жектерін әрдайым сүйсіне қарайтынмын. Әлбетте, әркімнің өз стилі бар ғой, бірақ Гатти сияқтылар миллионнан біреу ғана.

– Ал шаршы алаңға шыққанда ұстанып шығатын ырым-тиымдарыңыз бар ма?

– Көп нәрсеге аса мән бере бермеймін. Ең бастысы, әрдайым өзіммен бірге шаршы алаңға Қазақстанның көк туын алып шығамын. Сондай-ақ, рингке шығарда Қайрат Нұртастың «Алға, Қазақстан» әні орындалып тұрғанын қалаймын. Бұл маған қосымша рух береді. Жалпы, қай елде, қай жерде жұдырықтассам да, үнемі өзімнің қазақ екенімді көрсетіп жүргім келеді. Жекпе-жегімнен кейін «мәссаған, қазақ боксшылары осыншама мықты болады екен ғой» деп тамсанып жатса, маған одан артық мақтаудың қажеті жоқ.

– Сұхбат соңында жанкүйерлерге деген тілегіңізді білсек.

– Жекпе-жек кеші елорданың «Көрме» орталығында өтеді. Зал көрерменге лық толып отырса екен деймін. Біздің айқастарымыздан ләззат алсын. Өз кезегімізде біз де қолымыздан келгеннің барлығын жасап, жанкүйерлерімізді жабырқатпай, әдемі бокс мәнерін көрсетуге тырысамыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Текст: Sadvakas Maikibayev