​Қазақстан мен Өзбекстан World Boxing ұйымына кірді. Енді не өзгереді?

2024 ж. 5 қараша
​Қазақстан мен Өзбекстан World Boxing ұйымына кірді. Енді не өзгереді?

Шешім АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясының конгресінде хабарланды.

Бүгінде World Boxing (WB) ұйымына 55 кіріп отыр. Конгресс барысында ХОК мақұлдаған WB Жарғысына енгізілген өзгерістер туралы пікірталас болды.

Сонымен қатар, жарыс өткізу регламентіне де енгізілген өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, турнирлер жаңа салмақ дәрежелерінде өткізілетін болады. Сондай-ақ, төрешілердің жекпе-жек барысындағы және жеңімпаздарды анықтау кезіндегі жұмысына да өзгерістер енгізілді.

«Сондай-ақ World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Конгресс қатысушыларын алдында сөз алып, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын және Конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing ұйымына алғыс білдірді.Өз сөзінде ол Португалияда өткен Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас Ассамблеясында әртүрлі елдердің Ұлттық Олимпиада комитеттері және Олимпиада қозғалысының өзге де спорттық ұйымдарымен кездесулер өткізген World Boxing Олимпиадалық комиссиясының жетістіктерін атап өтті», - делінген Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитеті таратқан мәліметте.

Конгресс барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.

Айтпақшы, көрші Өзбекстан да қарап қалмады. Өзбекстанның бокс федерациясы да ресми түрде World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі болып қатарға қосылды.

Еске сала кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған. World Boxing олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып Қазақстанның ҰОК басшысы, танымал боксшы Геннадий Головкин тағайындалған. Головкин боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалуды өзінің басты міндеті деп санайтынын айтқан.

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қазіргі Халықаралық бокс федерациясын (IBA) ресми серіктес ұйым ретінде танымайды. Оған бірден бір себеп – басқарушылық, қаржы және этика мәселелерінде дұрыс реформа жүргізе алмауы және төрешілер бағалауында бұра тартушылықтың жиі кездесуі еді.

«Қазір бокстың Олимпиада бағдарламасында қалу мәселесі ХОК деңгейінде талқыланып жатыр. Боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу мақсатында барлық елдермен ортақ жұмыс жасауға дайынбыз. Бұл шешім боксты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп санаймыз. World Boxing Олимпиадалық Комиссияның төрағасы, Ұлттық Олимпиадалық комитет президенті Геннадий Головкинмен кездесу барысында отандық бокстың даму жолдарын талқыладық», – деді ҚБФ президенті Шахмұрат Мүтәліп.