​Шираз Жәнібекке қарсы жекпе-жектен бас тартты. Енді не болмақ?

2024 ж. 19 қараша
​Шираз Жәнібекке қарсы жекпе-жектен бас тартты. Енді не болмақ?

Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) Президенті Густаво Оливьери британиялық Хамза Шираздың (21-0, 17 КО) орта салмақтағы чемпион қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (16-0, 11 КО) қарсы жекпе-жектен ресми түрде бас тартқаны туралы хабарлады. Осыған байланысты 18 қарашаға тағайындалған промоутерлік сауда-саттық тоқтатылды.

Осылайша, британиялық промоутер Фрэнк Уорреннің уәдесі бойынша Шираз келесі жекпе-жегін әлем чемпионы атағы үшін өткізеді. Яғни ол 22 ақпанда Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) дивизионның басқа чемпионы, WBC белбеуінің иегері доминикандық Карлос Адамеске (24-1, 18 КО) қарсы кездесуі расталды.

Айта кетейік, 25 жастағы Шираз - қазіргі Еуропа (EBU) және британиялық достастық чемпионы, сонымен қатар WBC Silver белбеуіне ие. 2024 жылы Хамза 3 жекпе-жек өткізіп, бәрін мерзімінен бұрын аяқтады. Ол Лиам Уильямс, Остин Уильямс және Тайлер Дэнниді жеңген еді.

Жәнібектің ендігі қарсыласы кім болмақ?

Хамза Шираздың осындай әрекетінен кейін қазіргі WBO International белбеуіне иелік ететін Дензел Бентлидің жолы ашылуы мүмкін. Қазіргі уақытта Дензел Бентли (20-3-1, 17 КО) орта салмақтағы WBO үміткерлер рейтингінде 2-орында тұр. Ал 1-орында тек Хамза Шираз орналасқан. Ал осы нұсқа бойынша 2022 жылдан бастап әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) екені мәлім.

Айта кетейік, 72,6 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Дензел Бентли 7 желтоқсанда тағы бір танымал отандасы Брэд Полске (19-1-1,11 КО) қарсы жекпе-жек өткізеді. Олардың кездесуі Лондондағы атақты "Уэмбли аренада" өтіп, өте ауқымды бокс кешінің басты оқиғасы болмақ.

Бокс кеші аясында 3 титул сарапқа салынады. Олардың бірі - қазір Бентлиге тиесілі-WBO International нұсқасы бойынша белбеуі. Ал Пол қазіргі уақытта орта салмақтағы Ұлыбритания чемпионы. Үшіншісі - Еуропа чемпионының бос белбеуі, оны жақында жоғарыдай айтқан Хамза Шираз (21-0, 17 КО) тастап кеткен еді.

Тарих

Сонымен Хамза Шираз Әлімханұлымен жекпе-жектен ресми түрде бас тартты. Ал қазіргі WBO International белбеуіне иелік ететін Дензел Бентли жақында тартысты кездесу өткізеді. Осының бәрі Жәнібек-Дензел арасындағы екінші жекпе-жекке әкелуі мүмкін. Айта кетейік, екі боксшының рингтегі алғашқы кездесуі 2022 жылдың қараша айында өтіп, Жәнібектің жарқын жеңісімен аяқталған еді.

Алайда Жәнібек Әлімханұлына қарсы реванш өткізу үшін 29 жастағы Бентли алдымен 31 жастағы Брэд Полсты жеңуі керек. Айтпақшы ол да WBO үміткерлер рейтингінде орташа салмақ дәрежесінде (72,6 келіге дейін) №4 орында тұр. Сондықтан оның да әлем чемпионы атағы үшін дәмесі бар екенін ұмытпаған жөн.