Бекман Сойлыбаев пен Айдар Шәрібаев «Түнгі студияда» қонақта болды
«Diamond Ring» боксшылары Бекман Сойлыбаев пен Айдар Шәрібаев Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студия» ток-шоуында қонақта болды.
Америкада үш ай оқу-жаттығу жиынын өткізіп, екі жекпе-жек өткізген боксшылар екеуін де жеңіп қайтқан соң әлемдік рейтингтегі орындары көтеріліп, Бекман Сойлыбаев WBC International чемпиондық белбеуін ұтып алған. Елге оралған соң бірден танымал бағдарламаға қонаққа шақырылды.
Бекман Сойлыбаев пен Айдар Шәрібаевтың қатысуымен өткен бағдарламалардың түсірілімі екі бөлек өтті. Эфирге шығатын уақыттары сәл кейінірек белгілі болады.
Айта кетейік, жүргізушілер мен боксшылардың әңгімелері негізінен Америкадағы жекпе-жектер мен сол жақтағы оқу-жаттығу жиыны жайлы өрбіді. Сондай-ақ, Нұрлан Қоянбаев боксшыларға қитұрқы, әзіл сұрақтар қойып, бағдарламаның форматына сәйкес ыңғайсыз жағдайға қалдыруға тырысты. Алайда, боксшылар бұл сынақтардың барлығынан мүдірмей өтті. Әсіресе, Сойлыбаевтың бапкері Бауыржан Ізтілеуовтің Мексика сағызын сыйлағаны есте қалып, Қоянбаев «маған әлі ешкім бұл бағдарламада сағыз сыйламаған еді. Мексикадан келген сағыздың дәмі қандай болар екен», – деп күлді. Ал Айдар Шәрібаев өзінің әзілдерімен зал толы көрермендерді қыран-топан күлкіге батырды.
– Керемет кеш. Көрермендердің есінде мәңгі сақталып қалатын шоулардың бірі. Әзілді әдемі өрбітіп, тамаша түсінетін боксшылардың болашақтары да айқын болады, – деді Нұрлан Қоянбаев.
«Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаевпен» бағдарламасы – саясат, спорт, өнер және шоу-бизнесте жүрген танымал адамдар шақырылып, әзіл форматында өтетін бағдарлама. Қонақтарға әртүрлі тақырыпта қитұрқы сұрақтар қойылып, ойын жүзінде өтеді. Аптасына төрт рет кешкі уақытта эфирге шығады. Жүргізушісі – бір кездері Ресейдің КВН-інде «Казахи» командасының капитаны болған Нұрлан Қоянбаев.