Қазақстан бокстан Азия чемпионатына жаңарған құраммен барады
Бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады. Жуырда ұлттық құрама бас бапкері Қайрат Сәтжанов сары құрлық біріншілігінде сынға түсетін 13 боксшының есімін атады. Олардың қатарында Азия чемпионатына алғаш рет қатысатын боксшылар да, кәсіпқой боксқа кетіп, кейіннен ұлттық құрамаға оралған тәжірибелі боксшылар да бар.
Бес боксшының алғашқы чемпионаты
Таиландтағы Азия чемпионатына ұлттық құрама сапынан бес боксшы алғаш рет бара жатыр. Олар: 57 келідегі Оразбек Асылқұлов, 60 келідегі Бейбарыс Жексен, 63,5 келідегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, 75 келі салмақтағы Диас Молжігітов және 80 келіде жұдырықтасатын Ерасыл Жақпеков. Бұл боксшылардың барлығы бірнеше жылдан бері ұлттық құрама сапында жүріп, ірі халықаралық жарыстарға қатысқанымен, әлем мен Азия чемпионаты сияқты байрақты додаларда сынға түсу мүмкіндігі берілмеген. Олар бұл мүмкіндікке тек биыл ғана ие болып отыр. Жуырда Шымкентте өткен Қарақозы Әбдәлиевті еске алу турнирінде төрт боксшы да өз салмағында үздік шығып, Азия чемпионатында ел намысын қорғауға лайық екенін көрсетті.
Кәсіпқой боксшылардан үміт мол
Токио Олимпиадасынан кейін ұлттық құрамамен қоштасып, кәсіпқой боксқа кеткен боксшылар да бірінен соң бірі ұлттық құрамаға оралып жатыр. 2019 жылғы Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов пен 2019 жылғы Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет ұлттық құрама қатарына қосылған болатын. Биыл ересектер арасындағы әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов те оралды.
Абылайхан Жүсіпов бұған дейін 2017 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатына қатысып, күміс жүлдегер атанған. Финалда жергілікті боксшы Бобо-Усман Батыровтан жеңілген еді.
Айтпақшы, Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионаты мен Олимпия ойындарына қатысқанымен, биыл алғаш рет Азия чемпионатында жұдырықтаспақ. Ол да бұған дейін бірде-бір рет Азия чемпионатына қатыспаған. Сондай-ақ биылғы додада ол жаңа салмақ дәрежесінде, яғни 86 келіде сынға түспек.
Боксшылар қалай таңдалды?
Ұлттық Олимпиада комитетінің Olympic.kz сайтына берген сұхбатында ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов құраманы жасақтау, дайындық, басты қарсыластар мен алға қойылған мақсаттар туралы айтып берді.
«Қазіргі таңда біздің құрамамыз әлемдегі ең мықты командалардың бірі екені сөзсіз. Осы жігіттер Азия чемпионатына барады. Менің ойымша, көптеген спорт түрлерінде біздің бокстағыдай құрам іріктелмеген. Біздің командада 11 еңбек сіңірген спорт шебері, әлем және Азия чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері бар. Құрлықтық турнирге қатысатын құрамға келсек, тек 67 келі салмақ дәрежесінде кімді апару керектігі нақты анықталмады. Бұл орынға Илья Калинин мен Дулат Бекбауов таласты. Спарринг жекпе-жектерін өткіздік. Жеңіс Дулатқа берілді, сондықтан ол Таиландқа аттанады. Қалған салмақ дәрежелерінде құрамға кімдер кіретіні нақты белгілі болды. Енді алдымызда дүйсенбі күні спарринг-сессия өтеді. Бұл нақты жекпе-жек тәжірибесі болмақ. Бұл жаттығуларға ресейліктер, кубалықтар және гректер де қатысады. Барлық спортшыларды төрт шаршы алаңға бөліп, екі сағат бойы спарринг жекпе-жектерін өткіземіз», деді бас бапкер.
Азия чемпионатына қатысатын боксшылар
Бапкерлер құрамы бекіткен тізімді назарларыңызға ұсынамыз:
48 келі — Санжар Тәшкенбай
51 келі — Сәкен Бибосынов
54 келі — Махмұд Сабырхан
57 келі — Оразбек Асылқұлов
60 келі — Бейбарыс Жексен
63,5 келі — Мұхаммедсабыр Базарбайұлы
67 келі — Дулат Бекбауов
71 келі — Абылайхан Жүсіпов
75 келі — Диас Молжігітов
80 келі — Ерасыл Жақпеков
86 келі — Бекзат Нұрдәулетов
92 келі — Сағындық Тоғамбай
+92 келі — Айбек Оралбай.