Асқат Уәлиханов кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді
Қазақстандық боксшы Асқат Уәлиханов кәсіпқой шаршы алаңдағы төртінші жекпе-жегін өткізіп, үшінші жеңісіне қол жеткізді. Жерлесіміз төрешілердің бірауызды шешімімен америкалық Дарел Харристен басым түсті.
Кеше екі боксшы да салмақ өлшеу рәсімін өткізіп, бірінші жартылай орта салмақтың лимитін көрсеткен болатын. Ал төрт раундқа созылған жекпе-жекте жерлесіміз бірден тізгінді өзінің қолына алып, қарсыласын қыспаққа ала түсті. Америкалықтан шеберлігі де, жеңіске деген жігерлігі де аса түсіп, төрешілерді мойындатты.
Естеріңізге сала кетейік, Асқат Уәлиханов соңғы рет шаршы алаңға өткен жылдың сәуір айында шыққан. Содан бері төбелесіп тұрғаны осы. Бұл оның кәсіпқой бокстағы төртінші айқасы. Ең алғашқы айқасында қарсыласына гонгтан кейін жұдырық сілтеп қойғаны үшін дисквалификацияға ұшырап қалғаны болмаса, қалған кездесулерінің барлығында жеңіске жеткен. Қазір Асқат әйгілі менеджер Эгис Климастың қарамағында.
Ал 29 жастағы Дарел Харрис үшін бұл шаршы алаңдағы бесінші айқас. Алғаш рет кәсіпқой бокстың былғары қолғабын сонау 2010 жылдың желтоқсанында киген екен. Қарсыласын нокаутпен ұтқан. Араға екі ай салып, тағы да шаршы алаңға көтерілген Дарел ол жолы тең түскен. Дегенмен, содан кейін жеті жылдан астам уақыт шаршы алаңға шықпаған. Биыл мамырда ғана үлкен боксқа қайта оралды. Бірақ, сәтсіз жұдырықтасып, қатарынан үшінші жекпе-жегінде жеңілістің кермек дәмін татып отыр.