Ағайынды Чарлолар бір белбеуден айрылды

2018 ж. 23 желтоқсан
Ағайынды Чарлолар бір белбеуден айрылды

Бруклинде өткен кәсіпқой бокс кеші ағайынды Чарлолардің бірі үшін сәтсіз аяқталды. Бірінші орта салмақ дәрежесінде Джермелл WBC чемпиондық атағынан айрылып қалды. Есесіне Джермалл орта салмақтағы WBC interium белбеуін қорғап шықты.

Джермелл өзінің отандасы Тони Харрисонмен кездескен. Головкиннің салмағындағы Чарлоның сыңары бұған дейін кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген болатын. 31 жекпе-жегінде де жеңіске жетіп, соның жартысына жуығын нокаутпен аяқтаған. Ал Харрисон бұған дейін жеңілген де, бұған дейін құлаған да боксшы. Бірінші рет 2015 жылы Вилли Нельсоннан 9-раундта нокаут алса, екіншісінде Джаретт Хард құлатқан. Сондықтан, бұл жекпе-жектің нағыз андердогы саналған. Дегенмен, жекпе-жек Харрисонның жеңісімен аяқталды. Есеп – 116:112, 115:113, 115:113. Алайда, аренаға жиналған жанкүйерлер мен көптеген сарапшылар төрешілердің бұл шешімімен келіспейтіндігін айқас біткеннен кейін-ақ айтып жатты. Ал Джермеллдің өзі жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында көз-жасына ерік беріп, шыдай алмай жылап жіберді.

Оның ақысын ағасы Джермалл қайтарды. Ресейлік Матвей Коробовпен кездескен Чарлолардың сыңары 116:112, 119:108, 116:112 есебімен жеңіске жетті. Бір қызығы, үш төрешінің бірі 12-ші раундта Коробовқа сегіз-ақ ұпай беріпті. Бірақ, жекпе-жек барысында нокдаун болған да жоқ. Ал Мэттің өзі төрешілердің шешімімен келіспейді.

– Меніңше, мен бұл айқаста жеңіске жеттім. Оны көрермендер де көрді. Жеңіске лайық болдым. Бұл жекпе-жек арқылы мен тағы бір чемпиондық айқас өткізуге лайықты екендігімді дәлелдедім, – деді Коробов.

Текст: Sadvakas Maikibayev