Әлемдегі ең бай ТОП-5 боксшы

Жуырда Солтүстік Америкадағы ең танымал Sportico басылымы спорт тарихындағы ең дәулетті 50 спортшының тізімін жариялады. Бұл тізімге әртүрлі спорт түрінен шыққан аңыз спортшылар енген. Солардың ішінде былғары қолғап шеберлері де бар. Бұл – бокстың қаншалықты табысты спорт түрі екенінің айқын дәлелі. Назарларыңызға ең көп табыс тапқан ТОП-5 боксшыны ұсынамыз:
Флойд Мейвезер (АҚШ) – $1,52 млрд
48 жастағы америкалық кіші Флойд Мейвезер – сөз жоқ, әлемдегі ең даңқты спортшылардың бірі. Жиған-терген байлығы да оның даңқына әсер етіп тұрғаны анық. Кәсіпқой бокста 50 айқас өткізіп, соның бірде-біреуінде жеңілмеген. Жалпы, әлем бойынша да шаршы алаңда жеңілмеген жалғыз боксшы. Бұдан бөлек, бес түрлі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған үш боксшының бірі.
Кіші Флойд Мейвезер бүгінгідей байлығына тек рингтегі жеңістерінің арқасында ғана емес, кәсіпкерлік қабілеті мен өзін-өзі жарнамалаудағы дарыны арқылы да кенелді. Мейвезердің ең табысты жекпе-жектері – 2015 жылы Мэнни Пакьяоға және 2017 жылы Конор МакГрегорға қарсы өткізген кездесулері болды. Бұл қос бокс шоуының әрқайсысы оған жүздеген миллион доллар пайда әкелді. Сондай-ақ ол өзіне тиесілі Mayweather Promotions компаниясы арқылы да миллиардтық келісімшарттар жасап, байлыққа жетті. Осындай қаржылық жағдайынан кейін оған көпшілік «Ақша» деген лақап ат қойған. Қазіргі таңда оның жиған дәулеті $1,52 млрд деп бағалануда.
Майк Тайсон (АҚШ) – $965 млн
Әйгілі Майк Тайсон 20 жасында әлем чемпионы атанып, ауыр салмақта атой салған ең жас боксшы ретінде тарихта қалды. Ол 1990–2000 жылдары өткізген жекпе-жектері арқылы қомақты қаржы тапты. Дегенмен, жеке өміріндегі қиындықтар мен қаржылық сауатсыздығының салдарынан кейінірек банкротқа ұшырады. Қазіргі қаржылық жағдайы бұрынғыдай болмаса да, ол түрлі телешоулар мен подкасттар арқылы табыс тауып келеді. Sportico мәліметінше, Тайсон мансабы барысында $965 млн тапқан.
Бір қызығы, сол жылдары «Темір Майк» орнатқан рекордтардың мұрты әлі күнге дейін бұзылмай келеді. Мәселен, ауыр салмақтағы ең жас әлем чемпионы (20 жас, 144 күн), ең жас абсолютті әлем чемпионы (21 жас), чемпиондық және абсолютті чемпиондық титулдарға ең қысқа мерзімде (тиісінше 1 жыл 8,5 ай және 2 жыл 5 ай) жеткен және үш негізгі белбеуді қатарынан жеңіп алған бірінші әрі жалғыз абсолютті чемпион ретінде оның рекордтары әлі де сақтаулы.
Мэнни Пакьяо (Филиппин) – $775 млн
Филиппиннің мақтанышы Мэнни Пакьяо – сегіз салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған әлемдегі жалғыз боксшы. Ол тек спорттағы жетістіктерімен ғана емес, саяси аренадағы белсенділігімен де көпке танылды. Рингтегі табысты мансабы оған әлемдегі ең бай спортшылар қатарына енуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар ол жарнама мен тележобалардан да жақсы пайда тапты. Оның жиған дәулеті $775 млн шамасында.
Сауль «Канело» Альварес (Мексика) – $730 млн
Сауль «Канело» Альварес қазіргі таңда ең танымал және ең табысты боксшылардың бірі саналады. Ол бірнеше салмақ дәрежесінде чемпион атанып, PPV (pay-per-view) жүйесі арқылы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Альварес ірі спорттық келісімшарттар жасап, жарнама мен демеушілік келісімдерден де мол табыс тауып келеді. Оның қазіргі табысы $730 млн деп көрсетілген. Ол мансабын әлі аяқтамағанын ескерсек, алдағы уақытта бұл сома арта түсетіні анық.
Джордж Форман (АҚШ) – $730 млн
Жуырда ғана қайтыс болған Джордж Форманның байлығын Sportico басылымы $730 млн деп бағалаған. Кезінде ауыр салмақта өнер көрсеткен боксшы табысының көп бөлігін бокстан емес, кәсіпкерліктен тапқанын көпшілік біле бермейді. Форман бокстағы мансабын аяқтаған соң George Foreman Grill атты ас үй құрылғысын жарнамалап, кейіннен миллиардтаған табысқа кенелді. Бұл өнімнің сатылымынан ол бірнеше жүз миллион доллар табыс тапқан.