Жәнібек Әлімханұлы Сиднейде Михайловичті құлата ала ма?
4 қазанда орта салмақта WBO және IBF титулдарының иегері, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) чемпиондық атағын қорғайды.
Отандасымыз Австралияның Сидней қаласына келіп жетті. Мұнда шыққан тегі жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен жұдырықтасады. Жекпе-жекте Жәнібек өзінің қос белбеуін қорғамақ.
Бүгін екі боксшы салмақ өлшеп, көз арбасты. Жәнібек Әлімханұлының салмағы 72,38 кг көрсетсе, қарсыласы одан сәл ғана ауыр болды – 72,54 кг. IBF талабы бойынша қазақ боксшысы 4 қазанда таңертең тағы бір рет салмақ өлшеу рәсімінен өтеді.
Кездесу алдындағы баспасөз мәслихатында Жәнібек қазақ боксшыларының Сиднейде атой салған жарқын сәттерін еске алды.
- Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында екі қазақ боксшысы алтын жеңіп алды. Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимов талай қазақты шабыттандырды. Мен де солар сияқты елімнің абыройын асқақтатуды армандап өстім. Сиднейде бокстасатыныма өте қуаныштымын. Мен 2000 жылғы Олимпиада чемпиондары сияқты Сиднейде өз туымды әлемге тағы бір рет көрсеткім келеді, - деді Жәнібек Әлімханұлы.
Негізі бұл айқас 14 шілде күні Лас-Вегаста өтуі тиіс болатын. Алайда жерлесіміз салмақ өлшеу рәсімінде есінен танып құлап, ауруханадан бір-ақ шықты. Михайловичтің командасы Әлімханұлын кәсібилігі төмен деп айыптап, оны IBF атағынан айыруды сұрады.
«Салмақты жасай алмайды деп кім айтты? 168 фунтқа көтерілуім керек деп кім айтты? Қолымнан ештеңе келмейді деп кім айтты? Жігіттер, мен ертең 168 фунтта бокстасамын. Менің екі чемпиондық титулым бар. Аллаға шүкір», - деді боксшы.
Айта кетейік, Әлімханұлы – Михайлович жекпе-жегін Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады. Сонымен қатар ESPN+ платформасында көрсетіледі.
Қарсыласы Андрей Михайлович Дриссен 1997 жылы 15 желтоқсан күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. 1999 жылы, жаңа зеландиялық отбасы Михайлович және оның егіз ағасын 18 айлық кезінде балалар үйінен асырап алған. 26 жастағы боксшы кәсіпқой рейнгте 21 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетсе, 13 айқасын мерзімінен бұрын аяқтаған. Бұл күнде ол орта салмақтағы IBF Pan-Pacific және WBO Global титулдарына қол жеткізді.