Жәнібектің жарқын жеңісі немесе жыландылық жігіттің чемпиондықтан мүмкіндігі қаншалықты?

2018 ж. 4 қараша
Жәнібектің жарқын жеңісі немесе жыландылық жігіттің чемпиондықтан мүмкіндігі қаншалықты?

АҚШ-тың Эль-Пасо қаласында кәсіпқой бокстағы төртінші кездесуін өткізген жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлы өте тартысты өткен жекпе-жекте төрешілердің шешімімен Вон Александерден басым болды. Қарсыласы да өте қарымды еді, алайда Әлімханұлы үлкен айқастарға дайын екендігін дәлелдеді. Бірақ, жақын арада боксшымыздан чемпиондық белбеу күте аламыз ба?

Сегіз раундқа жоспарланған кездесу соңына дейін созылды. Төрешілердің пікірі екіге жарылып, екеуі жерлесіміздің мықтылығын мойындаса, біреуі америкалыққа басымдық беріпті. Есеп – 79:73, 78:74, 75:77.

Есепке қарап, Жәнібекті нашар жұдырықтасқан екен деп пәтуа шығаруға асықпаңыздар. Кәсіпқой бокстағы небәрі төртінші жекпе-жегі және бірінші рет сегіз раундтық кездесуге шыққандығын ескерсек, Әлімханұлының бұл айқасына өте жақсы деген баға беруге болады. Оның үстіне, қарсыласы Вон Александер де қапшықтардың қатарынан емес. Жәнібекке дейін бір-ақ рет жеңілген. Кезінде оған небір промоутерлер таласып, жекпе-жегін өткізіп беру үшін кезекке тұрған. Он бір жыл түрмеге отырып шықса да, бабын жоғалтпаған боксшы. Шыны керек, қарсыласы анықталғанда «Александер сынды әккі боксшыға қарсы ерте шығарып қойған жоқ па», деп менеджері Эгис Климасты аздап жазғырғанымыз да жасырын емес.

Дегенмен, жаттығу жиыны кезінде комбинациялық шабуылдарын әбден жетілдірген Жәнібек техникалық арсеналының әбден бай екендігін көрсетті. Әсіресе, 7-ші және 8-ші раундтарда өзін тың сезінуі ұнады. Сондықтан, жекпе-жек соңында үш төреші де жеңісті жерлесімізге берер деп күткенбіз. Бірақ, бұл да жаман емес. Ең бастысы, рефери кезекті рет Әлімханұлының қолын көтерді.

– Көңіл-күй керемет. Бәрі де ойдағыдай өтті. Бапкерімнің бар тапсырмасын орындай алдым. Төртінші айқасымда-ақ осындай мықты қарсыласпен кездескеніме қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе. Бірақ, болашақта қарсыластарым бұдан да мықты болады. Өзіміздің қазақ стилін күллі әлемге танытамыз, – деді жекпе-жектен кейін Жәнібек.

Келесі кездесуін қашан өткізетінін, кімге қарсы шығатынын әзірге білмейміз. Бірақ, супер орта салмақтың ТОП-70 боксшыларының бірі болса екен деген тілек бар. Әлбетте, менікі асығыстық пікір де шығар. Алайда, Әлімханұлының әлеуеті жетеді деген сенім мол. Чемпиондық белбеулерді арқалап жүрген көптеген чемпиондармен салыстырғанда жерлесіміз әуесқой бокста да қамал бұзған батырлардың санатынан.

Ал супер орта салмақта чемпиондар кімдер? Әзірге бұл салмақтың үздігі Каллум Смит. Британиялықтың еншісінде WBA super чемпиондық белбеуі ғана бар болғанымен ол Дүниежүзілік бокс супер сериясының чемпионы. Әдетте, анау-мынауды мойындай бермейтін The Ring журналы да Смитті үздік таныған. Сондай-ақ, мексикалық Хильберто Рамирес те WBO чемпионы. Ал WBC мен ІВҒ чемпиондық белбеулері әзірге бос. Дегенмен, «тесік моншақтың жерде қалмайтыны» белгілі. Иелері табылары анық. Сонымен қатар, алдағы уақытта бұл салмаққа Сауль Альварес те ауысады деген сыбыс бар. Геннадий Головкин де осында келіп қалуы әбден мүмкін. Міне, осындай алпауыттардың арасынан Жәнібек Әлімханұлы орын таба ала ма?

Бұл сұрақтың жауабын ұзақ күтіп жатпайтын секілдіміз. Ары кетсе, екі-үш жылдан кейін-ақ жерлесімізді супер орта салмақтың ТОП-10 үздіктерінің қатарынан көріп қалуымыз ғажап емес.

Текст: Sadvakas Maikibayev