Үздік боксшы атанудан үміткерлер анықталды, арасында Головкин жоқ
2018 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл боксшысы», «Жыл жекпе-жегі», «Жыл жаттықтырушысы», «Жыл менеджері» атанудан үміткерлер анықталды. Бірақ, өкінішке қарай, тізімде Геннадий Головкиннің есімі жоқ.
АҚШ-тың бокс туралы жазатын журналистерінің қауымдастығы (BWAA) жыл сайынғы дәстүр бойынша, бірнеше номинациялардың үміткерлерін жариялады.
«Жыл боксшысы» номинациясына үміткерлер қатарында ауыр салмақтағы абсолютті чемпион Олександр Усик (16-0, 12КО) бар. Биыл украиналық боксшы үш жекпе-жек өткізіп, алдымен Дүниежүзілік бокс супер сериясының жартылай финалы аясында Ригада латвиялық Майрис Бриедисті жеңсе, одан кейін Мәскеуде өткен финалда ресейлік Мурат Гассиевтен басым түсті. Ал қазанда Манчестерде ағылшын Тони Бельюді 8-ші раундта нокаутқа түсірді. Байқағандарыңыздай, үш жекпе-жекті де Усик қарсыласының жерінде өткізген.
Тағы бір номинант – Василий Ломаченко (12-1, 9КО). Жеңіл салмақтағы WBA және WBO тұжырымдарының чемпионы атанған украиналық боксшы екі жекпе-жек өткізді. Алдымен венесуэлалық Хорхе Линаресті 10-шы раундта құлатса, одан кейін иығына ота жасатып, осы айда пуэрто-риколық Хосе Педрасаны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Дегенмен, өзі де Линареспен болған кездесуде кәсіпқой бокстағы алғашқы нокдаунын алды.
Жеңіл салмақтағы тағы бір мықты – Майки Гарсия (39-0, 30КО) да «Жыл үздігі» атануы әбден мүмкін. Белбеуді көп ұстамайтын, ұнамаса лақтырып тастайтын Мигель Анхель ешқашан мықтылармен кездесуден қашпайды. Биыл көктемде украиналық Сергей Липинецтің ІВҒ белбеуін шешіп алды да, ұзын тұра Роберт Истердің WBC белбеуін тартып алды. Енді келесі жылдың наурызында жартылай орта салмақ аясында Эррол Спенспен айқаспақ.
«Жыл боксшысы» атанудан жартылай орта салмақтағы Теренс Кроуфорд (34-0, 25КО) та үмітті. 2014 жылы «Үздік» атанған Кроуфорд биыл екінші жеңіл салмақтағы барлық белбеуін босатып, жартылай орта салмақты да бағындыруға кірісті. Бірден аустралиялық Джефф Хорнды құлатып, WBO чемпиондық белбеуінің иегері атанды да, қазан айында отандасы Хосе Бенавидестің осал жерін тапты.
«ТОП-5» боксшының қатарында бірінші жартылай орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеудің иегері Морис Хуккер (25-0-3, 17КО) де бар екен. Кәсіпқой бокста 28 жекпе-жек өткізіп, 25-інде жеңіске жеткен Морис биыл екі кездесу өткізіп, екеуінде де қарсыласынан басым түсті. Бірақ, сіздерді қайдам, өз басым, бұл боксшыны жоғарыда аталған төртеудің қатарына қоса алмас едім.
Сонымен қатар, BWAA «Жыл жаттықтырушысы» номинациясына Анатолий Ломаченко, Джей Диз, Роберт Гарсия және Деррик Джеймсті, «Жыл менеджері» номинациясына Эгис Климас, Кит Коннолли, Чепо Рейносо және Сэм Катковскиді үміткерлер ретінде қосыпты. Естеріңізге сала кетейік, Сэм Катковски «Diamond Ring» боксшылары Бекман Сойлыбаев пен Айдар Шәрібаевтың менеджері болып саналады.
Ал «Жыл айқасы» номинациясына аса ауыр салмақтағы Деонтей Уайлдер мен Луис Ортис, бірінші орта салмақтағы Джарретт Херд пен Эрисланди Лара, Василий Ломаченко мен Хорхе Линарес, Алекса Соседо мен Ленни Заппавинья және Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жектері үміткер.