Василий Ломаченко мен Хосе Педраса қос чемпиондық белбеуді сарапқа салмақ

2018 ж. 26 қыркүйек
Василий Ломаченко мен Хосе Педраса қос чемпиондық белбеуді сарапқа салмақ

Украиналық Василий Ломаченконың шаршы алаңға шығатын күні және қарсыласы белгілі болды. Жеңіл салмақтағы WBA Super чемпионы 8 желтоқсанда пуэрто-риколық Хосе Педрасамен қолғап түйістіреді.

Жекпе-жек Нью-Йорктегі «Мэдиссон Сквер-Гарден» кешенінің кіші аренасында өтеді. Бұл айқаста украиналыққа тиесілі WBA чемпиондық белбеуі мен пуэрто-риколықтың WBO чемпиондық атағы сарапқа салынады. Жекпе-жеңіл жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді. Бұл туралы Top Rank промоутерлік орталығы мәлімдеді.

Бір қызығы, екі боксшы да Top Rank аясында жұдырықтасады. Соңғы рет «Хай-Тек» мамырдың 12-сі күні венесуэлалық Хорхе Линареспен айқасып, 10-шы раундта нокаутқа түсірген болатын. Жалпы, кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде ғана жеңілген. Қалған 11 жекпе-жегінде қарсыластарынан басым түсіп, 9 айқасты нокаутпен аяқтаған. Ал 29 жастағы Хосе Педраса кәсіпқой бокстағы дебютін 2011 жылы өткізіп, содан бері 26 жекпе-жекке қатысқан. Тек өткен жылдың басында Джервонта Дэвистен жеңіліпті. Қалған айқастарының бәрінде жеңіске жетіп, 12 қарсыласын нокаутпен жеңген. Иә, соққысы жойқын боксшылардың қатарынан емес, бірақ соққыларын діттеген жеріне жеткізе алатын қасиеті үшін жанкүйерлер оны «Снайпер» атап кеткен. Соңғы рет тамыздың 25-інде мексикалық Раймундо Бельтранмен жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетіпті.

– Мен жеңіл салмақта әлемнің абсолютті чемпионы болғым келеді. Ал Педраса менің жолыма бөгет болып тұр. Хорхені жеңсем, келесі кездесуімде Майки Гарсияны айқасқа шақырам, – деді бұл туралы Василий Ломаченконың өзі.

Айта кету керек, мамырда Линаресті жеңгеннен кейін Василий Ломаченко иығына ауыр ота жасатқан. Дәрігерлер оны енді тек келесі жылы шаршы алаңға шығады деп мәлімдеген. Алайда, «Хай-Тектің» мықтылығы шығар, бүгінде ауыр жарақаттан айығып, жаттығуға қайта кірісіп те кетті.

Текст: Sadvakas Maikibayev