Василий Ломаченко Хосе Педрасаны жеңіп, WBA Super және WBO чемпионы атанды
Василий Ломаченко тұңғыш рет екі белбеуді біріктірді. Нью-Йорктің «Мэдисон Сквер-Гарден» аренасында өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде украиналық «Hi-Tech» пуэрто-риколық Хосе Педрасаны жеңіп, жеңіл салмақта WBA Super және WBO тұжырымдарының чемпионы атанды.
Жекпе-жек басында Василий Ломаченконы айқын фаворит деп, тіпті нокаутпен ұтатынына сенімділер көп болған. Алайда, Педраса да оңай шағылар жаңғақ емес екенін бірінші раундтан-ақ көрсетті. Жанкүйерлері бекер «Снайпер» деп атамайды екен, сілтеген жұдырықтары қарсыласына дөп тиіп жатты. Рас, Василийге мұның барлығы соншалықты әсер еткен жоқ. Алғашқы екі раундтан кейін-ақ жылдамдық пен қарқындылық тұрғысынан «Матрицаның» әлдеқайда жетілген, озық екендігі көрінді. Бірақ, асықпады. Шамасы, иығына ота жасағаннан кейін қаншалықты бабында екендігін тексеріп көргісі келген тәрізді. Бұған дейінгі айқастарында бесінші, ары кетсе алтыншы раундтардан бастап-ақ қарсыласына қабыланша атылып, сұлқ түсіруге тырысатын Ломаченко 10 раунд бойы Хосенің кеңдей көсілуіне мүмкіндік берді. Бір жағынан екеуі де бір промоутерлік орталықтың боксшысы болғандықтан бір-біріне құрметпен қараған шығар деп те ойлағанбыз. Жоқ, олай емес екен, өзара құрметтері зор болғанымен шаршы алаңда достық жоқ, 11-ші раундта «Матрица» қаһарына мінді. Педраса да төбелескісі келіп тұр екен, жанкүйерлердің айтақтауымен шаршы алаңда нағыз жекпе-жек басталып кетті. Алайда, «Снайпердің» бір соққысына Ломаченко екі-үш сериялық соққымен жауап беріп жатты. Пуэрто-риколықтың да қателігі осы болған шығар, бүйірден тиген соққылардан отырып та қалды. Әлде бұл тактикалық нокдаун болды ма екен, әйтеуір төреші 10-ға дейін санағанша Хосе ес жинап үлгерді. Бірақ, раундтың аяқталуына әлі жарты минуттан астам уақыт бар еді, Василий тағы бір рет қарсыласын төрт тағандатты.
Соңғы раундтың басында да Ломаченко шабуылдауға тырысқан. Дегенмен, Педраса төбелесетін сыңай танытпай, кері шегініп жүріп алғандықтан Василий де асыққан жоқ. Ал қапталдағы қазының үшеуі де украиналықтың мықтылығын мойындады. Есеп – 119:107, 117:109, 117:109, Ломаченко енді жеңіл салмақта WBA Super және WBO тұжырымдарының чемпионы. Жекпе-жектен кейін келесі кездесуінде Майки Гарсиямен төбелескісі келетінін мәлімдеді.