Василий Левит жанкештілік танытып, Хуссейн Ишаишты жеңді
Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирінің жартылай финалдық жекпе-жектері өте тартысты өтіп жатыр. Басқасы басқа, бірақ біздің жігіттерге финалға шығу үшін шүмектетіп тер төгу қажет болып тұр. 91 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Василий Левит Иордания боксшысы Хуссейн Ишаишпен шайқасты.
Бұл жекпе-жектің де бірінші раундында біздің сенім артқан серкеміз қарсыласына есе жіберіп алды. Ринг қожайыны һәм Азия чемпионатының қола жүлдегері, иорданиялық Хуссейн Ишаишты айтамыз, алғашқы раунда алға қарай ентелеп, төпелеумен болды. Кейде тіпті құлаштап сермеп, ауыр соққыларын да жаудыртты. Бар салмағымен алға ұмтылуын доғарған жоқ.
Левит мұндайды күтпеді ме, бірінші раундта қарсыласына есе жіберіп алды. Бірақ екінші раундтан бастап қарқынын үдетті. Әрі Хуссейн Ишаиш та ентігіп қалып, аяғын санап баса бастады. Бірақ үшінші раундта бар салмағымен алға қарай ұмтылып, Левитті басымен соғып, жарақаттай жаздады...
Абырой болғанда, Василийдің көзінің асты ғана көгеріп, қабағы жарылған жоқ. Әрі жекпе-жекті одан әрі жалғастырып, өзінің деңгейі жоғары екендігін дәлелдеп шықты. Титықтап қалған қарсыласынан бірінші раундтағы есесін қайтарды. Сөйтіп, жерлестерін біраз қобалжытып барып, финалға шықты. Есеп – 4:1 (29:28, 28:29, 29:28, 29:28, 29:28).
Ал Хуссейн Ишаиш жергілікті жанкүйерлерді риза қылғанымен, өзінің ағасының жетістігін қайталай алмады. Бұған дейін 69 келі салмақ дәрежесіндегі Зеад Ишаиш өзбек өрені, 2019 әлем чемпионатының қол жүлдегері, былтырғы Азия чемпионы Бобо-Усмон Батуровты жеңіп (3:2), финалға шыққан болатын.