Усик – Гассиев жекпе-жегінің жеңімпазын күтіп тұрған ТОП-7 боксшы
Ертең Мәскеудің «Олимпийский» спорт кешенінде украиналық Олександр Усик пен ресейлік Мурат Гассиев шаршы алаңға шығып, төрт чемпиондық титулды және Мұхаммед Әли кубогын сарапқа салады. Ал жеңімпаз атанғаннан кейін боксшыны қандай жекпе-жектер күтіп тұр?
Мурат Гассиев немесе Олександр Усик. Екеуінің біреуі ауыр салмақтағы абсолютті чемпион атанатыны анық. Бірақ, кәсіпқой бокстағы карьерасын аяқтамайтын шығар. Тағы да шаршы алаңға шығуы керек. Ал төрт белбеуі бар, оның үстіне, Дүниежүзілік суперсерияда барлық мықтыларды жеңген боксшы қандай қарсыластармен төбелесуі мүмкін?
Кандидат №1. Тони БЕЛЬО (Ұлыбритания) – 30-2-1, 20КО
Әу баста Тони Бельоға да Дүниежүзілік бокс сериясына қатысуға ұсыныс түскен. Алайда, британдық боксшы бұл жобадан бас тартты. «Жобаға қатысқан боксшылар бірнеше жекпе-жек өткізіп, әзер тапқан пайданы мен бір кездесуде-ақ таптым. Сондықтан, Дүниежүзілік бокс сериясына қатысуды жөн көрген жоқпын. Дэвид Хэймен төбелесейін деп шештім», – деді кейін Тони Бельо. Дегенмен, британдық боксшы Усик пен Гассиев жұбының жеңімпазымен кездесуге қарсы емес. Соңғы айқасын аса ауыр салмақ дәрежесінде өткізгенімен Бельо оп-оңай 91 келіге түсе алады. «Егер мен ауыр салмаққа қайта оралып, Усик пен Гассиев жұбының жеңімпазымен кездесер болсам, онда бұл менің соңғы жекпе-жегім болады. Қорқып тұрған жоқпын. Бірақ, біраз соққы алатыным да сөзсіз», – деді бұл жайында Бельоның өзі.
Кандидат №2. Эндрю ТАБИТИ (АҚШ) – 16-0, 13КО
Мурат Гассиев пен Олександр Усиктің жекпе-жегін ұйымдастыру оңай болған жоқ. Келіссөздер ұзақ жүрді. Ортақ шешімге келу өте ауыр болды. Тіпті, шыдамы таусылған Гассиевтің командасы Эндрю Табитиге «құда түсуді» де бастап кеткен еді. Жекпе-жектің жеңімпазы ерте ме, кеш пе, Табитимен кездесері анық. Өйткені, Дүниежүзілік бокс сериясына қатыспаған ауыр салмақтағы дені түзу аз ғана боксшылардың бірі осы Табити. Эндрюдің еш чемпиондық атағы жоқ. Бірақ, жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Сондықтан, бұл төбелестің жанкүйерлерге ұнайтыны анық.
Кандидат №3. Максим ВЛАСОВ (Ресей) – 42-2, 25КО
Қанша дегенмен төрт белбеудің иесі болғанымен Мурат Гассиев те Олександр Усик те әлем боксына соншалықты танымал емес. АҚШ-та фанаттары да көп деп айта алмайсыз. Сондықтан, Америкада айқас өткізіп, соншалықты үлкен пайда таба алмасы анық. Ал Максим Власовтың boxrec рейтингіндегі орны да тәуір, Ресейде де танымал. Егер жекпе-жекте Мәскеуде немесе Санкт-Петербург, Сочи, Екатеринбург сынды қалаларында өткізер болса, боксшылар біраз қаржы табуы мүмкін.
Кандидат №4. Анджей ФОНФАРА (Польша) – 30-5, 18КО
Ауыр салмаққа биыл ғана ауысқан Анджей Фонфара кәсіпқой бокстағы жекпе-жектерін негізінен АҚШ-та өткізіп жүр. Чикагода, Нью-Йоркте өзінің аз да болса жанкүйерлерін жинап үлгергені анық. Фонфараны Еуропада да жақсы таниды. Сондықтан, бұл айқас тартысты болуы тиіс.
Кандидат №5. Арсен ГУЛАМИРЯН (Франция) – 23-0, 15КО
АҚШ-қа қарайлай бермей, бір уақыт Еуропаға көз тігіп көрейікші. «Кәртамыс құрлықта» да шебер боксшылар жетерлік. Солардың бірі, Францияның армениялық боксшысы Арсен Гуламирян. Кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген 30 жасар боксшы бірден Усик пен Гассиев жекпе-жегінің жеңімпазына қарсы шаршы алаңға шыға қоймайтын шығар, бірақ, тағы бір-екі ірі айқас өткізер болса, оның да чемпиондыққа таласатын кезі келеді. Оның үстіне, Гуламирян WBA Interim белбеуінің иегері. Яғни, дәл қазір Арсен ресейліктің негізгі үміткерлерінің бірі.
Кандидат №6. Адонис СТИВЕНСОН (Канада) – 29-1-1, 24КО
Бірінші ауыр салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жүрген Адонис Стивенсонге ауыр салмаққа көтерілу үшін тағы 10 келі қосу қажет. Алайда, Стивенсонның денесіне қараңызшы, былайғы кезде салмағы 100 келіге де жететін секілді. Ендеше неге ауыр салмаққа көтеріліп, Усик пен Гассиев жекпе-жегінің жеңімпазымен жұдырықтасып көрмеске? Оның үстіне, канадалық та чемпион. Яғни, бұл айқас PPV төрінен де орын алуы әбден мүмкін.
Кандидат №7. Андре УОРД (АҚШ) – 32-0, 16КО
Кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегін өткен жылдың маусымында өткізген Андре Уорд былғары қолғабын шегеге ілгенімен үлкен жекпе-жектер үшін шаршы алаңға қайта оралуға кетәрі емес. Жасы да бар болғаны 34-те. Егер Андре Уорд төбелесу керек деп шешсе, онда тек осындай қарсылас үшін ғана шаршы алаңға шығады.