Уайлдер – Фьюри. Show must go on, ендігі аялдама – Англия
Калифорнияда өткен Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюридің төбелесіне шолуымызды әйгілі Фредди Меркюридің Show must go on әнімен бастағымыз келіп отыр. Расымен де, мұндай шоулар жалғасын табуы тиіс. Сондықтан, жекпе-жектің тең түскенінен бүкіл бокссүйер қауым ұтты.
Жекпе-жек тең аяқталды. Бір төреші 115:111 есебімен Уайлдердің мықтылығын мойындаса, екінші қапталдағы қазы 114:110 есебімен басымдықты Тайсонға берді. Ал үшіншісі 113:113 есебін тіркеді.
Әлбетте, бұл айқас туралы бүгінде күллі әлем әртүрлі әңгіме айтып, мамандар сан түрлі пікір білдіріп жатыр. Әрқайсысының өз шындығы бар. Бірі «Қола сұрмергеннің» басым болғандығын айтады, екіншілері «Сыған патшасы» бүйректерін бұрады. Бәрімен де келісуге болады. Бір анығы, боксшылар шаршы алаңда шоу көрсетіп қана қоймай, көрермендердің айыздарын қандыратын төбелес ұйымдастырды. Тартынып қалған ешқайсысы жоқ. Демек, айқастың тең аяқталғаны бір жағынан әділетті де болды. Мұндай жекпе-жектер жалғасын табуы тиіс.
Ал айқасты Деонтей Уайлдер белсенді басталды. Тайсон екі қолын артқа жіберіп, көрермендерге шоу көрсетіп жүргенде Уайлдер қарсыласына екі-үш соққысын тигізіп те үлгерді. Алайда, кейінгі раундтарда «Сыған патшасы» өте белсенді болды. «Қола сұрмергеннің» құлаштап ұрған соққыларынан сытылып кетіп, қауіп сезген уағында қарсыласын құшақтап алып жатты. Бірақ, тоғызыншы раундта Деонтейдің жойқын соққысы Тайсонды есеңгіретіп тастады. Британиялық алып та мықты екен, түк болмағандай қайта көтерілді. Дегенмен, америкалықтың 12-ші раундтағы жойқын соққысы Фьюриді жалпасынан түсірді. Егер басқа боксшы болмағанда, жекпе-жек сол жерде-ақ аяқталар еді, Тайсон расымен де мықты екен, тағы да аяғына тік тұрды. Осылайша екі рет нокдаун алған Тайсон Фьюри WBC чемпионын жеңе алмаса да, бұл айқастан абыроймен қайтты.
Егер әлгі екі нокдаун болмағанда Фьюридің жеңіске жететіні анық еді. Алайда, бір жағынан Деонтей Уайлдер де қарсыласына тым қатты құрметпен қарап қойған сияқты. Тым сақ қимылдап, аса қатты тәуекелге бара қойған жоқ. Әлбетте, біздің пікір жаңсақ болуы мүмкін, бірақ, Уайлдер жойқын соққыларын ертерек іске қосып, алғашқы нокдауннан кейін-ақ қарқынды шабуылға көшкенде, онда «Сыған патшасын» 12-ші раундқа дейін-ақ құлатуы ғажап емес еді. Ал Тайсон шаршы алаңдағы рефериге рахмет айтуы қажет шығар. Сегізге дейін санағаны аздай, өзіне келіп алсын дегені ме, британиялықты ары-бері жүргізіп, тағы да уақыт созды. Бұл есеңгіреп қалған боксшыны ес жиғызуға жетерлік уақыт еді.
Енді реваншты күтеміз. Деонтей Уайлдер қарымта айқасты өткізу үшін Ұлыбританияға баруға дайын екендігін мәлімдеді. Ендеше көп созбай, келесі жылдың басында жекпе-жекті қайта ұйымдастыру қажет.