Уайлдер – Фьюри. Калифорниядағы таңғы шоу немен аяқталмақ?

2018 ж. 1 желтоқсан
Уайлдер – Фьюри. Калифорниядағы таңғы шоу немен аяқталмақ?

Ертең таңертең Астана уақытымен сағат 10:30-да Лос-Анджелесте ғаламат шоу басталады. Staples Center аренасында керілген шаршы алаңға Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюри шығады. Кім жеңер екен?

Кеше боксшылар салмақ өлшеу рәсімін өткізді. Деонтей Уайлдердің салмағы 96 келіні көрсетсе, Тайсон Фьюри 20 келіге артық болып шықты. Сондай-ақ, америкалық боксшы бұл жекпе-жектен кепілді түрде 4 миллион доллар тапса, британиялық алып 3 миллион «көкқағазды» қалтасына салмақ. Ал төбелестің «Шоутайм» телеарнасы арқылы ақылы трансляциядан көрсететінін ескерсек, Деонтей жоғарыдағы гонорардан бөлек 14 миллион, Тайсон 10 миллион доллар табыс табады. Айта кетейік, бұл айқастың PPV бағасы АҚШ-та 75 доллар, ал Ұлыбританияда 20 фунт стерлинг (25 доллар)

Салмақ өлшеу рәсіміне қайта тоқталайық. Шоу ма, әлде расымен де бір-бірін соншалықты жек көре ме, екі боксшы төбелесіп кете жаздады. Бастаған Деонтей Уайлдер. Алайда, күзет қызметкерлері дер кезінде арашалап қалды. Дегенмен, кулисаның сыртында қос тараптың командасы бір-бірлерінің көздерін көгертіпті деген ақпарат бар.

Сонымен, шаршы алаңның сыртында цирк көп. Енді ринг ішінде қалай болар екен? Қызықтың көкесін ертең көреміз.

Текст: Sadvakas Maikibayev