Triple G VS Canelo. Бір-бірін жек көре ме, әлде жарнаманың бір түрі ме?

2018 ж. 27 тамыз
Triple G VS Canelo. Бір-бірін жек көре ме, әлде жарнаманың бір түрі ме?

Соңғы кездері Геннадий Головкин мен Сауль Альварес бір-бірін түтіп жейтіндей жек көріп жүр. Дегенмен, мұның барлығы алдағы айқастың PR-ына көбірек ұқсайтын секілді.

Бүгін боксшылар жанкүйерлеріне арнап ашық жаттығу өткізді. Әлбетте, бір-бірінен бөлек. Соңында журналистердің сұрақтарына жауап берген қарсыластар бір-бірін кезекті рет айыптады.

– Мен Альваресті бұрыннан білемін. Ол кішкентай то-томпақ сары сары бала секілді. Промоутерлерінің айтқанынан шықпайды. Басты проблемасы да сол. Допингтік дауға ұшырап, басы бәлеге қалса да, бұрынғы командасының айтқанымен жүр. Ал мен өзімді командаммен жайлы сезінемін. Олар мені қолдайды, мен оларға сенімдімін. Өйткені, олар нағыз жігіттер. Канелоның қасында жалған адамдар жүр. Нағыз жігіттер мені қолдайды, – деді Головкин.

Расымен де, бұрын Геннадийдің мұндайы жоқ еді. Ешбір қарсыласы жайлы бұлай демейтін. Айыптамайтын. Өзінің мықтылығын шаршы алаңда дәлелдейтін. Ал бұл жолы жерлесіміздің тарапынан қарсыласына қарай біраз сөз кетіп те қалды.

Дәл сол секілді Канело да Головкинді «жек көріп» жүр. «Мен оны өлтіремінге» дейін барып бірінші раундтан бастап нокаутқа түсірудің қамына кірісетінін де жасырмай айтып жүр.

Әлбетте, боксшылар арасында бір-біріне деген өшпенділік бар да шығар. Алайда, олардың және командаларының бір-біріне небір былапыт сөздер бағыттауы алдағы жекпе-жектің жарнамасы сияқты да көрінетіні жасырын емес. Қара PR. Бұл да жарнаманың бір түрі. Ал бір-біріне деген өшпенділіктің қай деңгейде екенін жекпе-жектен кейін білеміз.

Текст: Sadvakas Maikibayev