ТОП-3. Тамыз тарту еткен тартысты текетірестер

2018 ж. 1 тамыз
ТОП-3. Тамыз тарту еткен тартысты текетірестер

Тамыз – демалыс айы. Бұл айда қарапайым қызметкерден бастап, спортшыларға дейін бар жұмысын ысырып, ес алуды жөн көреді. Дегенмен, демалыста да боксшылар бізге қызықты жекпе-жектер дайындап отыр. Ендеше осы айдың ең қызықты айқастарының рейтингін ұсынайық.

Сергей КОВАЛЕВ (Ресей) 32-2-1, 28КО – Элайдер АЛЬВАРЕС (Колумбия) 23-0, 11КО

4 тамыз (Атлантик сити). Бірінші ауыр салмақ

Андре Уордтен екі кездесуде де жеңілгеннен кейін Сергей Ковалевке өзіне келу үшін екі жекпе-жек өткізу қажет болды. Алайда, Альварес Шабранский емес, соңғы қарсыласы Михалкиннен де әлдеқайда мықты. Жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшы. 23 айқасының бәрінде де жеңіске жеткен. Альварестің әлсіз жерін табу үшін Ковалевке алты раундта аз болып, кездесу 12 раундқа дейін созылуы мүмкін. Жекпе-жекте ІВҒ және WBO чемпиондық белбеулері сарапқа салынады. Ал айқастың андекартында қазақстандық Мәдияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтановтар шаршы алаңға шығады.

Дмитрий БИВОЛ (Ресей) 13-0, 11КО – Айзек ЧИЛЕМБА (Малави) 25-5-2, 10КО

4 тамыз (Атлантик сити). Бірінші ауыр салмақ

Атлантик ситидегі айқастың басты андекартында шаршы алаңға дәл осы салмақтағы тағы екі боксшы шығады. Ресейлік Дмитрий Бивол малавилік Айзек Чилембаға қарсы шығып, WBA чемпиондық белбеуін қорғайды. Егер Бивол тағы да жеңіске жетер болса, онда келесі кездесуінде Ковалевтің өзімен жұдырықтасуы мүмкін.

Тайсон ФЬЮРИ (Ұлыбритания) 26-0, 19КО – Франческо ПИАНЕТТА (Германия) 35-4-1, 21КО

18 тамыз (Белфаст). Аса ауыр салмақ

Жақында ғана албаниялық Сефер Сеферимен жұдырықтасып, оп-оңай жеңіске жеткен Тайсон Фьюри үшін неміс Пианетта жай ғана қатардағы көп боксшылардың бірі. Дегенмен, бұл жекпе-жек бірінші ретте шоуымен қызық. Фьюри қарсыласымен қанша раунд билер екен? Сол үшін ғана бұл кездесуді тамашалауға болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev