ТОП-10 жекпе-жек. Уайлдер – Фьюри, Ломаченко – Педраса, Альварес – Филдинг және желтоқсанның басқа да басты айқастары

2018 ж. 30 қараша
ТОП-10 жекпе-жек. Уайлдер – Фьюри, Ломаченко – Педраса, Альварес – Филдинг және желтоқсанның басқа да басты айқастары

Жылдың соңғы айында да бізді тамаша, тартысты айқастар күтіп тұр. Дегенмен, біз солардың ішінен іріктеп, үздік 10 жекпе-жекті ғана таңдап отырмыз.

Адонис Стивенсон, Канада (29-1-1, 24 KO) Александр Гвоздик, Украина (15-0, 12 KO)

Жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі (79,4 келі) WBC чемпиондық белбеуі

1 желтоқсан (Квебек-Сити, Канада)

«Үйеңкі жапырақтылар» елінің Квебек қаласында Адонис Стивенсон мен Александр Гвоздик кездесіп, канадалыққа тиесілі WBC чемпиондық белбеуін сарапқа салады. 41 жасар «Суперменнің» өзі мойындағандай украиналық боксшы оның карьерасындағы ең мықты қарсылас. Ал 2013 жылдың маусымында Чед Доусоннан тартып алған чемпиондық атағын канадалық боксшы 10-шы рет қорғамақ.

Деонтей Уайлдер, АҚШ (40-0, 39 KO) Тайсон Фьюри, Ұлыбритания (27-0, 19 KO)

Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі (90,7+ келі) WBC чемпиондық белбеу

1 желтоқсан (Лос-Анджелес, АҚШ)

Лос-Анджелестегі кешті тамашалайтын жанкүйерлер шаршы алаңнан мықты төбелес қана емес, керемет шоуды да тамашалайтын болады. Әлбетте, абсолютті салмақта мықтылар көп. Бірақ, ең үздіктері Калифорнияда бас қосады.

Василий Ломаченко, Украина (11-1, 9 KO) Хосе Педраса, Пуэрто-Рико (25-1, 12 KO)

Жеңіл салмақ дәрежесіндегі (61,2 келі) WBC және WBO чемпиондық белбеулері

8 желтоқсан (Нью-Йорк, АҚШ)

Ломаченко мен Педраса бір емес, екі белбеуді сарапқа салады. Ал бұл айқастың жеңімпазы келесі кездесуінде Майки Гарсиямен төбелеседі деген сыбыс бар. Айтпақшы, спойлер жасай кетейік, «Хайтек» пен Хосенің жекпе-жегін Қазақстанда «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден көрсетуі мүмкін.

Хилберто Рамирес, Мексика (38-0, 25КО) – Джесси Харт, АҚШ (25-1, 21КО)

Екінші орта салмақтағы (76,2 келі) WBO чемпиондық белбеуі

14 желтоқсан (Корпус-Кристи, АҚШ)

Бұл Рамирес пен Харттың екінші жекпе-жегі. Біріншісі былтыр қыркүйектің 22-сінде өткен. 115:112, 114:113, 115:112 есебімен мексикалық боксшы жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуін сақтап қалған. Расымен де тартысты төбелес болды. Енді боксшылар сол айқасты 14 желтоқсанда Корпус-Кристиде жалғастырмақ.

Артем Далакян, Украина (17-0, 12 КО) Грегорио Леброн, Доминикан (21-4, 16 КО)

Аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі (50,8 келі) WBA чемпиондық белбеуі

15 желтоқсан (Киев, Украина)

Негізі, аса жеңіл салмақтағы жекпе-жектер аса қызық бола бермейді. Дегенмен, Киевте өтетін мына айқасқа назар аударуларыңызды сұраймын. Ақпанның соңында WBA чемпиондық белбеуін жеңіп алған Далакян өз жерінде доминикандық Грегорио Лебронмен төбелеспек. Төрт рет жеңіліп қалғанына қарамастан 36 жастағы Грегорио өте тәжірибелі. Соңғы сегіз жекпе-жегінде қарсыластарын өте сенімді жеңген.

Рокки Филдинг, Ұлыбритания (27-1, 15 KO) Сауль Альварес, Мексика (50-1-2, 34 KO)

Супер орта салмақ дәрежесіндегі (76,2 келі) WBA «тұрақты» чемпиондық белбеуі

15 желтоқсан (Нью-Йорк, АҚШ)

Соңғы жекпе-жегінде Геннадий Головкинді ұтқан Сауль Альварес салмақ ауыстыруды жөн көрген екен. Бірден чемпиондық айқасқа шықпақ. Салмақ ауыстыру «мексикалық сары балаға» қаншалықты әсер ететінін 15 желтоқсанда білетін боламыз.

Диллиан УАЙТ, Ұлыбританиа (24-1, 17КО) – Дерек ЧИСОРА, Ұлыбритания)

22 желтоқсан (Гринвич, Англия)

Рас, екеуінде де чемпиондық белбеу жоқ. Бірақ, бұл да супер айқастардың бірі. Оның үстіне, екеуі алғаш рет 2016 жылдың 10 желтоқсанында кездескен. Қиян-кескі төбелесте екі төреші Уайттың мықтылығын мойындап, біреуі жеңісті Чисораға берген. Ал Sky Sports телеарнасы бұл төбелеске жылдың басты жекпе-жегі деген номинация берген.

Джош Уоррингтон, Ұлыбритания (27-0, 6 KO) Карл Фрэмптон, Ұлыбритания (26-1, 15 KO)

Жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі (57,2 келі) IBF чемпиондық белбеуі

22 желтоқсан (Манчестер, Англия)

Жеңіл салмақтағы ең мықты екі ағылшынның дербиі де қызықты болады деп күтілуде. Екеуі де бір-бір чемпиондық белбеулердің иегерлері. Дегенмен, сарапқа Уоррингтонға тиесілі ІВF белбеуі ғана салынады.

Жермелл Чарло, АҚШ (31-0, 15 KO) Тони Харрисон, АҚШ (27-2, 21 KO)

Бірінші орта салмақ дәрежесіндегі (69,9 келі) WBC чемпиондық белбеуі

22 желтоқсан (Бруклин, АҚШ)

Бруклинде өтетін ағайынды Чарлолардың Джермелі бірінші орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуін қорғайды. Қарсыласы – Харрисон. Әлі күнге чемпиондық белбеуге қол жеткізбегенімен 28 жастағы Тони екінші рет чемпиондық белбеуге таласпақ. Бәлкім, бұл жолы жеңіске жетер.

Жермалл Чарло, АҚШ (27-0, 21 KO) Уилли Монро, АҚШ (23-3, 6 KO)

Орта салмақ дәрежесіндегі (72,6 келі) WBC «тұрақты» белбеуі

22 желтоқсан (Бруклин, АҚШ)

Головкиннің міндетті қарсыласы Жермалл Чарло Бруклиндегі кештің басты жекпе-жегінде Уилли Монромен төбелеспек. Монро бізге жақсы таныс. Кезінде Triple G екеуі кездескен. «Мангустың» осал қарсылас емес екенін сол кезде-ақ білгенбіз. Сондықтан, жекпе-жектің тартысты өтетіні анық.

Текст: Sadvakas Maikibayev