Тамызда сарапқа салынуы тиіс белбеу неге қазанға қалдырылып отыр?

2018 ж. 24 тамыз
Тамызда сарапқа салынуы тиіс белбеу неге қазанға қалдырылып отыр?

Америкалық Дэниел Джейкобс пен украиналық Сергей Деревьянченконың төбелесетін күні ресми бекітілді. Геннадий Головкиннен тартып алған IBF белбеуін қос боксшы 27 қазанда сарапқа салатын болды. Ал енді менде бір сұрақ, неге тамызда «таразыға тартылуы тиіс» болған белбеу қазанға қалдырылып отыр?

Сергей Деревьянченко мен Дэниел Джейкобстың кездесуі осы күзде өтетіні туралы хабар бұрыннан таралып жүрген. Алайда, америкалық боксшының Matchroom Boxing промоутерлік орталығындағы жетекшілері жекпе-жектің 27 қазанда өтетіні туралы жаңалықты кеше ғана ресми жариялады. Енді қос тараптың промоутерлері чемпиондық айқасқа дайындықты бастап та кетті.

Алайда, мен түсінбейтін, ІВҒ сірә жауап бере қоймайтын бір сұрақ бар. Жекпе-жек қазанда өтетін болса, онда белбеуді Геннадий Головкиннен тартып алудың қаншалықты қажеті бар еді? Естеріңізде шығар, мамыр айында Халықаралық бокс федерациясы Triple G мен Ванес Мартиросянның кездесуін санкциядан өткізбей қойған. Ал көп өтпей Головкинге ультиматум қойып, тамыз айында Сергей Деревьянченкомен төбелесуін міндеттеді. Қыркүйек айында Сауль Альвареспен айқасуды жоспарлап қойған қазақстандық боксшы ақыр соңында ІВҒ белбеуін босатуға мәжбүр болды.

Міне, осы белбеуге қазан айының соңында Дэниел Джейкобс пен Сергей Деревьянченко таласпақ. Қызық ә, Головкиннен «тамыз айында Деревьянченкомен төбелеспедің» деп тартып алған белбеу араға бір жарым ай салып, 27 қазанда сарапқа салынбақ.

Текст: Sadvakas Maikibayev