Талдау: Тони Белью Усиктен қалай ұтылды
Ұлыбританияның Манчестер қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінің басты айқасында ауыр салмақтың абсолютті чемпионы Олександр Усик шаршы алаң қожайыны Тони Бельюмен төбелесіп, чемпиондық атақтарын сәтті қорғап шықты. Сегізінші раундқа дейін созылған жекпе-жекте Усик қарсыласын ауыр нокаутқа жіберді.
1-ші раунд. Алдымен жекпе-жектің барысы жайлы экран сыртындағы әсерімізді жазып өтейік. Екі боксшы да кездесуді өте сақ бастады. Қолды-аяққа тұрмайтын Усик қай кездегідей бұл жолы да бір орында тұрып қалған жоқ. Қарсыласын айнала жүріп, Бельюдің әрекеттерін барлаумен болды. Бірақ, оқта-текте жұдырығын ауаға сілтегені болмаса, соққылары діттеген жеріне жетпеді. Есесіне Тони Бельюдің шабуылдары өтімдірек еді. Өте белсенді болмаса да, қарымта шабуылдары нәтижесін беріп жатты. Сондықтан, бұл раундты британиялықтың еншісіне жазуға болады.
2-ші раунд. Бұл жолы да Олександр Усик көп қимылдағанымен кез келген сәтте әбжыландай атылуға дайын болған «Бомбер» украиналықты өте сәтті күтіп алып тұрды. Ал Усик әлі де бар күшін салуға асықпады. Құдды бір, күшін соңғы раундтарға сақтап жүргендей әсерде қалдырды. Бұған Тони де ашуланып, бір рет айқайлап алғаны да бар. Әйтсе де, екінші раундта да британиялық басымырақ болды.
3-ші раунд. Усиктің белсенділігі енді ғана артты. Қарсыласын құр айналшықтап қана қоймай, бұрышқа тығып, сериялық шабуылдарын да ұйымдастырып жатты. Алайда, Белью әлі де тың еді. Қарымта шабуылдарымен жақсы жауап қатумен болды. Тосылып қалған жоқ. Төбелесуге де дайын екендігін көрсетті. Соққылары да жойқын болса керек, бір-екі рет дөп тигеннен кейін Олександр да қайта алға ұмтылуға батпады. Төрешілерді қайдам, өз басым бұл раундты да Бельюдің еншісіне жаздым.
4-ші раунд. Тони Белью бастапқы тактикасынан тайқыған жоқ. Шаршы алаңның ортасына тұрып алып, айналшықтап жүріп алған қарсыласын қарымта соққыларымен күтіп алғысы келді. Бірақ, солақай Усик джебтерінен бөлек, артқы қолын да іске қоса бастады. Оның үстіне, мұның алдындағы раундтардағыдай емес, бұл жолы украиналықтың қарқындылығы да артты. Әйтсе де, раундтың соңына таман Тонидің соққылары адресатына дәл жетіп жатқандықтан бұл жолы да бүйрегім британиялыққа бұрды.
5-ші раунд. Тони шегінуге мәжбүр болды. Өйткені, украиналықтың нағыз қаһарына мінген кезі осы еді. Рас, кезеңнің орта тұсына таман жекпе-жек алаң ортасына көшкенімен Усик қуып жүріп, тағы үш-төрт соққысын тура өткізді. Бірінші рет басымдықты Олександрға беріп отырмын.
6-шы раунд. Уақыт өткен сайын Бельюдің белсенділігі түсе берді. Қимылы да өте баяу. Абсолютті чемпионның шабуылдарына жауап қатып үлгермей жатты. Шаршағаны қатты сезілді. Бірақ, Усик те асықпады. Қарсыласына құрметпен қарайтын секілді. Тағы екі-үш раунд жүре тұруға мүмкіндік бергісі келгені көрініп тұрды. Ол британиялыққа қарағанда әлдеқайда тың еді. Осылайша бұл раундты да Усик жеңді.
7-ші раунд. Егер осылай жалғаса берсе, онда қалған алты раундтың барлығы Усиктің еншісіне жазылары анық еді. Өйткені, Тониде шама қалмады. Қарсыласының жылдамдығына ілесе алмай, өзі таяқ жеп қалып жатты. Раундтың соңына таман Усикте нокаутқа жіберетін мүмкіндік болып еді, алайда шаршы алаң қожайынын гонгтың үні ғана аман алып қалды.
8-ші раунд. Былай қарасаң, жекпе-жек барысында Белью көп қимылдаған жоқ. Тек қорғанумен ғана жүрді. Қолды-аяққа тұрмаған Усик қой. Бірақ, бірінші болып шаршаған британиялық боксшы. Раундтың ортасына таман екі қолы да көтерілмей қалды. Өзі де қызық. Кішкене қорғанып, кейін шегіне жүріп, қарсыласын жолатпаудың орнына қарымта төбелеске барды. Нәтижесінде, өте тың Олександр тәлтіректеп қалған британиялықты құлақ шекеден періп қалып, нокаутқа жіберді.
Қорытынды: бір қызығы менің ғана есебімде емес, Тони Белью төрешілердің пікірі бойынша да қарсыласынан басым түсіп жатқан еді. Қапталдағы екі қазының қағаздарында британиялық 67:66, 68:65 есептерімен алда тұрса, үшіншісі тең нәтижені тіркеген екен. Ал әу баста бәрі керісінше болады деп күтілген. Көпшілік апсетті Усиктен емес, Бельюдан күткен. Бірақ, бұл жолы Олександр қарсыласын неғұрлым ұзаққа шыдауын қалаған секілді. Бұл да болса, ардагер Бельюге деген құрметі шығар. Оның үстіне, бұған дейін аса ауыр салмақтарда жұдырықтасқан Тониге осы жекпе-жек үшін кемі 15 келідей лақтыруға тура келді. Жасы да 36-ға жетіп қалды. Ал Усик үшін бұл өте маңызды жеңіс. Қанша дегенмен, Тони оның карьерасындағы ең тәжірибелі қарсылас. Бұған дейін екі рет жеңілгенімен 2013 жылдан бері қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатыр.
Сонымен, Усик өзінің жеңістерінің санын 16-ға дейін жеткізді. Бұл оның 12-ші нокауты. Ал Тони Белью 34-ші жекпе-жегінің үшеуінде жеңіліп отыр. Бір тең нәтижесі бар. Екінші рет нокаут алды.