Тайсон Фьюри VS Сефер Сефери – бұл бокс емес, шоу

2018 ж. 11 маусым
Тайсон Фьюри VS Сефер Сефери – бұл бокс емес, шоу

Екі жарым жылдан астам бокстан қол үзген британдық боксшы Тайсон Фьюри кеше шаршы алаңға қайта оралып, Манчестерде өткен жекпе-жек кешінде албаниялық Сефер Сефериді шоу көрсетіп жүріп-ақ нокаутпен ұтты.

Адам ағзасы қанды, қырғынды, қызықты аңсап тұрады екен ғой. Ерте заманнан солай. «Гладиатор», «Спартак» фильмдерін көрген шығарсыздар. Сондағы гладиаторлар айқасында жұрт қанды талап етіп, қос батырдың бір-бірін өлтіріп тастағанын көргісі келіп тұратындары бар емес пе? Қарсыластың қауқарсыз күйі де олар үшін бәрібір. Аренадағы батырлар да көрермендерге шоу көрсеткісі келіп, жұрттың назарын өзіне аударуға тырысады. Қазір де солай. Мәселен, Тайсон Фьюри мен Сефер Сеферидің арасындағы жекпе-жекте бокс көрген жоқпыз, таза шоудың куәсі болдық. Бірақ, халыққа да керегі бокстан бұрын шоу екен. «Манчестер Арена» кешені көрерменге лық толды.

Әлбетте, бәрі де жекпе-жектің ерте аяқталатынын білді. 188 сантиметрлік Сеферидің 206 метрлік алыпқа қарсы еш айла жасай алмайтынын түсінді. Салмақтарында да үлкен айырмашылық бар. Бұған дейін ауыр салмақта жұдырықтасып келген албаниялық 95 келіні әзер көрсетсе, Фьюри 40 келі тастағанның өзінде салмақ өлшеу рәсімінде 125 келіні көрсетті. Соған қарамастан аренада көрермен лық толғанын ескерсек, халық бірінші кезекте шоу ұнайды деген аксиоманы қалыптастыруға болатын сияқты.

Иә, расымен де шоу көрдік. Алғашқы екі раундта екі боксшы да бір-біріне оқтын-оқтын жұдырық сілтеп қойғаны болмаса, соққы жасаған да жоқ. Билеп, бір-бірін құшақтап қана жүрді. Қайта шаршы алаң сыртындағы төбелесте жұдырық көп сілтенді ме дерсің…

Бір сөзбен айтқанда, бұл айқас ертедегі Дәуіт пен Ғолияттың текетіресін көз алдыңа әкелді. Алайда, бұл «Дәуіттің» қолында бір атар тасы табылмады. Төртінші раундтан кейін Сефери жекпе-жектен бас тартты. Шамасы, екеуінің де келіскені осы секілді.

Сонымен, Тайсон Фьюри кәсіпқой бокстағы өзінің 26-шы жекпе-жегінде жеңіске жетіп тұр. Оның 19-ы нокаутпен. Ал аса ауыр салмақ дәрежесінің рейтингінде бірден 3-ші орынға көтерілді. Енді британдық алып өзінің отандасы Энтони Джошуамен төбелескісі келеді. Бұл жолы қарсыласы Тайсонға шоу көрсетуге мұрша бере қоймас.

Текст: Sadvakas Maikibayev