Сондерс VS Лемье. Оскардың не ойлағаны бар?

2017 ж. 6 желтоқсан
Сондерс VS Лемье. Оскардың не ойлағаны бар?

Билли Джо Сондерс және Давид Лемье. Он күннен кейін Канадада өтетін орта салмақтың басты айқастарының бірі бізге несімен қызық? Бұл жекпе-жектен кейін Головкин – Канело текетіресінің «сценариі» қалай өзгеруі мүмкін? Сіздермен бірге талқылап көрейік.

Головкиннің ұсынысын қабыл алмай, белбеуін бәлсініп, «ат басындай алтын» сұраған Сондерстің Давид Лемьемен жұдырықтасу үшін Канадаға баруға қалайша оңай келісе салғаны таңғалдырады. Бұл бірінші ретте Лемьенің командасы «Голден Бойдың», нақты айтсақ басшысы Оскар Де Ла Хойяның мықтылығын білдірсе керек. Әйтпесе, бұған дейін Ұлыбританиядан асып көрмеген, барлық айқастарын Англияда өткізген Билли Канадаға үлкен тәуекелмен кетіп бара жатқанын жақсы біледі. Рас, жекпе-жектен түсетін табыстың 70 пайызы Сондерске тиесілі. Бірақ, сонда да бұл WBO белбеуінің иегері үшін қауіпті айқас. Лемьені оның отанында жеңу оңай болмас. Жеңіліп қалу қатері басым. Біріншіден, Давид онсыз да мықты, екіншіден, Куебекте Лемьенің жанкүйерлері өте көп. Оның үстіне, айқас үлкен пайда әкеледі деп те ешкім кепіл бере алмайды. Шамасы, Сондерс Головкин мен Канелодан күдер үзіп, тәуекелге бел буған секілді.

Ал Сауль Альварес сынды «алтын қуыршағы»  саналатын Оскар Де Ла Хойяға бұл жекпе-жек несімен қызық? Бұл енді түсінікті жайт. Канело қанша жерден басты боксшысы саналғанымен Оскарға басқа жігіттерімен де санасу қажет. Әйтпесе, бірін өрге көтеремін деп екіншісін ренжітіп алуы да мүмкін. Себебі, Лемье де орта салмақтың басқа боксшылары секілді Альваресті басты бәсекелестерінің бірі санайды. Сондықтан, «қуыршағының» қамын жасай жүріп, Де Ла Хойя екінші боксшысының да жағдайын жасауға тырысуда. Егер ертең Лемье жеңіп жатса, Канеломен жолықтыра салуына да болады. Бұл да оған аз пайда әкелмейді. Бір жағынан канадалық боксшы Сондерс секілді көп гонорар сұрамай, бергеніне келісе салады.

Ендеше Головкиннің жанкүйерлеріне Сондерстің жеңісін тілеу керек. Әйтпесе, «Синко де Майо» мерекесінде Triple G – Канело айқасын емес, Альварес – Лемье кездесуін тамашалап, Головкин мен «Сары баланың» жекпе-жегі 2018-дің күзіне қалуы да ғажап емес. Бұл расымен де өміршең сценарий. Өйткені, WBO белбеуінің иегері Сондерс болса, Лемьеге WBO International белбеуі тиесілі. Ал Канело осы тұжырымның рейтингінде бірінші орында. Яғни, өз кезегінде Сауль Альварес келесі жекпе-жегінде Лемье мен Сондерстің жеңімпазымен кездесуді талап етуге толығымен құқылы.

Қалай дегенде бәрі де Оскар Де Ла Хойяның тактикасына байланысты. Қазір ол Головкинмен  келесі жылдың мамырына келісіп қойдық дегенімен соңғы сәтте сөзінен тайқып шығуы да ғажап емес. Бұл оның адамгершіліктен ада екендігін емес, боксты бизнес деп жете түсінгендігін көрсетеді. Ал шынтуайына келгенде Головкиннің командасы нендей мәлімдеме жасаса да, Том Леффлердің қолынан әзірге келетіні күту ғана. Оның келіссөздер жүргізе алмайтынын екі боксшының бірінші кездесуінде-ақ көз жеткізгенбіз.

Текст: Sadvakas Maikibayev