ШАХ – Билли Джо Сондерс жекпе-жектен шеттетілді, мат бола ма?

2018 ж. 10 қазан
ШАХ – Билли Джо Сондерс жекпе-жектен шеттетілді, мат бола ма?

Ұлыбританиялық Билли Джо Сондерспен айқасудың орнына америкалық Деметриус Андраде қазанның 20-сы күні намибиялық Уолтер Каутондоквамен кездеседі. Массачусетс штатының атлетикалық комиссиясы WBO тұжырымы бойынша орта салмақтыңчемпионы Сондерсті допинг қолданғаны үшін бұл жекпе-жектен шеттетті.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің екінші жартысында ерікті допингтік тексерістен өткен британиялық «Сығанның» ағзасынан оксилофриннің белгісі табылған болатын. Бұл не қылған дәрі және оның қалайша боксшының ағзасына түсіп кеткені бөлек әңгіме. Дегенмен, спорт әлемінде тиым салынған бұл препарат Сондерстің карьерасына үлкен нүктен қоюы мүмкін.

Сондерс (26-0, 12КО) пен Андраденің (25-0, 16КО) айқасы Массачусетс штатының Бостон қаласында өтуі тиіс-тін. Бірақ, әлгі допингтік даудан кейін шұғыл мәжіліс өткізген аталмыш штаттың атлетикалық комиссиясы Биллиге бұл жекпе-жекке қатысуға рұқсат бермей қойды. «Сығанның» өзі мәжіліске қатысқан жоқ. Тек телефон арқылы байланысып отырды. Ал шешім шыққаннан кейін ешнәрсе өзгерте алмасын білген Сондерс Комиссия мүшелерін бір сыбап алды.

Жә, оны қойшы. Айтпағымыз ол емес. «Сыған» енді алдағы айқасқа қатыса алмайтыны былай тұрсын, WBO чемпиондық атағынан да айрылуы мүмкін. Сондай-ақ, келісімшарт бойынша, жекпе-жек үшін өзіне тиесілі болған 2,3 миллион доллардан да қағылмақ. Айтпақшы, белбеу туралы Дүниежүзілік бокс одағының президенті Франциско Валькарсель британиялық боксшының әлі де аппеляция беруге мүмкіндігі бар екендігін мәлімдеді.

– Әу баста ол келісімшартқа қол қойып, ережелерге бағынуға келісті. Алайда, талаптарды орындаған жоқ. Өз өзіне жамандық тілеп алды. Дегенмен, біз оған өзінің ақ екенін дәлелдеуге мүмкіндік беруге міндеттіміз. Жағдайды түсіндіріп беруін сұрап, Сондерске ресми хат жолдаймыз. Он күннің ішінде жауап беруі тиіс. Соның нәтижесі бойынша шешім қабылдаймыз, – деді WBO басшысы.

Мынадай айыптаулардан кейін және Дүниежүзілік антидопингтік агенттіктің дәлелдерінен кейін Билли Джо Сондерстің ақталып шығуы екіталай. Қазір boxrec.com сайты да Андраде екеуінің арасындағы айқасты өз күнкестесінен алып тастады. Оның орнына Деметриус сол күні Бостонда намибиялық Уолтер Каутондоквамен (17-0, 16КО) кездеседі. Жекпе-жекте WBO interim чемпиондық белбеуі сарапқа салынбақ. Яғни, жеңімпаз осы тұжырымның уақытша чемпионы болады деген сөз. Ал егер 20 қазанға дейін WBO Сондерс туралы шешім қабылдап, белбеуден айыратын болса, Андраде мен Каутондокваның қай жеңгені толыққанды чемпион болмақ.

Текст: Sadvakas Maikibayev