Шүменов Лебедевтен қашып жүр ме?

2018 ж. 12 тамыз
Шүменов Лебедевтен қашып жүр ме?

 Жақында отандық спорт сайттарының біріне сұхбат берген Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA  чемпионы Бейбіт Шүменовті ресейлік Денис Лебедевтен қашып жүр деп айыптады. Жерлесіміз шынымен де төбелестен қорқып жүр ме?

Әлбетте, араларындағы өшпенділік бізді қызықтырмайды. Дегенмен, Виктор Леонидовичтің мына пікіріне біз де жауап іздеп көрген едік.

– Бейбіт ресейлік Лебедевпен жұдырықтасады деп ойламаймын. Шүменов қазір тіпті, Усик, Гассиев туралы әңгіме айтып жүр. Дегенмен, жекпе-жек жайлы Лебедевтің өзі айтып жатса, онда Шүменов кенет жарақат алып қалмайды деп үміттенемін. Өте тартысты айқас болуы тиіс, – деді Демьяненко.

Расымен де, Бейбіт Лебедевтен қашып жүр ме? Әлбетте, бұлай ойлау қателік болар еді. Өйткені, осыдан екі-үш жыл бұрын Денистің өзі Шүменов үшін қолжетімсіз болып келді. Ол кезде ресейлік боксшы WBA чемпионы, ал жерлесіміз оның міндетті қарсыласы еді. Бірақ, Лебедев Шүменов жаққа көз қырын да салмаған. Мән бермеді.  Ақыр соңында Бейбіт Дүниежүзілік бокс қауымдастығына хат жазған жерлесіміз ресейлікті белбеуден айыруды талап етті. Бірақ, жауап болған жоқ. Өз кезегінде Лебедев шамам жетеді деп ойлады ма, әлде табысты жекпе-жек болар деп жоспарлады ма, Шүменовтің орнына өзінің отандасы Мурат Гассиевті таңдап, «таяқ жегені» әлі есімізде. Жекпе-жектен кейін жылап, оған жаны ашыған Гассиев белбеуді қайтарып бере салған. Қазір ол өзін WBA тұжырымының «демалыстағы чемпионы» деп жариялап алыпты.

Рас, Шүменов жарақатқа жақын боксшылардың қатарынан шығар, алайда ол мықтылардан қашпаған екен. Өз уақытында талай чемпиондармен жұдырықтасып, біраз міндетті қарсыластарды сынақтан өткізген. Ал қазір Лебедев оған қызық та болмауы мүмкін. Себебі, ресейліктің шаршы алаңға шықпағанына бір жылдан асып кетті. 40-қа жақындаған боксшы шаршы алаңға берерін беріп те қойды. Енді былғары қолғабын 7 қыркүйек күні қайта киіп, жақында ғана Шүменовтің өзінен жеңілген түркиялық Хизни Алтункаямен жұдырықтаспақ көрінеді. Дегенмен, жекпе-жектің қай салмақта өтетіні әлі белгісіз. Өйткені, Лебедевтің салмағы бүгінде 105 келі тартады екен. Сондықтан, екеуі келісілген салмақта жұдырықтасуы әбден мүмкін.

Мұндай боксшы «WBA белбеуінің иегері» деген атағы бар чемпионға қызық па? Әй, қайдам. Дегенмен, екеуі шаршы алаңға шығар болса, онда көрермендер үшін керемет бокс сыйлайтыны анық.

Текст: Sadvakas Maikibayev