Серік Теміржанов өзбек Миразизбек Мирзахалиловқа есе жіберіп, нокдаунға түсіп қалды
Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы лицензиялық турнирдің жартылай финалындағы ең тартысты жекпе-жектердің бірі 57 келі салмақ дәрежесіндегі қазақ және өзбек боксшылары арасындағы қиян-кескі айқас болды. Нақтырақ айтқанда, Серік Теміржанов мен Миразизбек Мирзахалилов аянбай шайқасты.
Бірінші раундта Серік баршамызды сүйсіндірді. Бойы мен қолының ұзындығын пайдаланып, соққыларын дөп тигізіп отырды. Қолды-аяқа тұрмай, рингте желе-жортып, тәнті қылды. Жалт беріп, тайқып кетіп, бұғып қалып, қарсыласын ызаға булықтырды. Миразизбектің тіпті өз екпінімен барып, арқанға «сүзе» соғылған сәттері де болды...
Төрешілер де Теміржановтың алғашқы раундта басым болғанын мойындады. Бірақ екінші раундта Мирзахалилов қарқынын үдетіп, Теміржанов жылдамдығын бәсеңсітіп алды. Бірін-бірі аяусыз төпелеген раундты төрешілер өзбек боксшысына берді. Әрі есепті тепе-тең қылды. Бесеуі де 19:19 деп, бар мәселені үшінші раундтың еншісіне артты.
Өкінішке қарай, үшінші раундта Серік әбден титықтап қалғанын сездіріп алды. Қозғалысы азайды, ара қашықтықты ұстау ұмытыла бастады. Екі қолымен «бүркеніп» алып, қоян-қолтық жұдырықтасуға мәжбүр болды. Бұл, әрине, Миразизбектің жеңіске жету мүмкіндігін арттыра түсті. Әрі ол бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысып, жігерлене түсті.
Соңғы секундтарда Серік босаңсып, нокдаунға түсіп қалды. 2019 жылы әлем және Азия чемпионы атанған Миразизбек Мирзахалилов тәжірибесінің мол екендігін дәлелдеп шықты. Ең бастысы, үш раунд бойы өте жоғары қарқында тізгін тартпай айқаса алатындығын көрсетті. Ал есеп – 0:5 (28:29, 28:29, 27:29, 28:29, 28:29).