Шавкат Рахманов – Бүкіл әлемге қазақы рухты паш етуге дайынмын

2020 ж. 24 ақпан
Шавкат Рахманов – Бүкіл әлемге қазақы рухты паш етуге дайынмын

Аралас жекпе-жек өнеріндегі ең беделді UFC (Ultimate Fighting Championship) промоушенінің Instagram-дағы ресейлік аккаунты жартылай орта салмақтағы Ш.Рахмановтың (12-0) алғашқы айқасы қарсаңындағы сөздерін жариялады.

Онда қазақ жауынгері «Менің UFC-тегі алғашқы жекпе-жегім Қазақстан үшін тарихи оқиға болады. Мен бүкіл әлемге қазақы рухты паш етуге және өзімнің жеңісті жолымды енді UFC-те жалғастыруға дайынмын», – депті.

Рахмановтың бұл сөздері оның жеке парақшасында да тұр. Жеңіс тілеп, қолдау көрсетіп жатқандар өте көп. Өздеріңіз білерсіздер де, ол бұған дейін MMA промоушенінде 12 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Әрі осы жекпе-жектерін түгелдей уақытынан бұрын аяқтап, айқын басымдық танытқан.

Шавкат тамыз айында UFC промоушенімен келісімшартқа отырған. Аталмыш ұйымдағы алғашқы жекпе-жегін 21 наурыз күні, Лондонда болатын UFC Fight Night – 171 турнирінде өткізеді. Қарсыласы – Польша спортшысы Бартош Фабински (14-3). Бұл жігіт аталмыш промоушенде төрт жекпе-жек өткізіп үлгеріпті.

Жалпы, Шавкат «Nomad» Рахманов Өзбекстанда туып өскен. Өзі «Әкем – қазақ, ұлтым – қазақ. Атамның есімі Рахман болатын. Сондықтан Өзбекстанда тегімді Рахмонов деп жазып жіберіпті. Бәрі өзбексің бе, тәжіксің бе деп сұрайды. Жоқ, мен қазақпын», – деп отандық басылымдарға бейне сұхбат берген.