Руслан Мадиев мексикалықтан қалайша жеңіліп қалды?
Бүгін тағы бір қазақстандық кәсіпқой босшының рекордсында 1 жеңіліс пайда болды. Лас-Вегаста өткен жекпе-жек кешінде жерлесіміз Руслан Мадиев мексикалық қарсыласынан жеңіліп қалды. Болашағынан мол үміт күттіретін боксшымыздың бұлай сүрінуіне не себеп болды?
Кез келген боксшының жеңілетін уақыты келеді. Бұл бокс. Бір күні сенен де мықты қарсылас шығады немесе жай ғана сол күн сен үшін сәтсіз болуы ғажап емес. Бірі өмір бойы чемпион болып, 50-ші жекпе-жегінде жеңіліске ұшырауы мүмкін, енді бірі төртінші айқасында-ақ нокаут алып, қалған кездесулерінің барлығын жеңіспен өткізуі кәдік. Шаршы алаңнан жеңілістің кермек дәмін татпай өткен боксшылар тым аз. Бірақ, әрқашан мұндайға дайын болуың қажет. Енді Руслан Мәдиевтің жағдайына оралайық.
Бүгінде GGG promotions компаниясының аясында жұдырықтасып, Абель Санчестің қарамағында жаттығып жүрген Руслан Мадиев Лас-Вегаста «Голден Бой» боксшысы Пабло Сесар Каномен кездесті. Бұл кештің басты жекпе-жегі болатын. 10 раундқа жоспарланған еді. Алайда, бесіншісінде тоқтады. Мексикалық «зиянкестің» басы жарылып, медициналық тексерістен кейін Каноның жекпе-жекті жалғастыра алмайтыны белгілі болды. Бесінші раундқа дейін ұпай айырмашылығы бойынша алда тұрғандықтан жеңіс мексикалық боксшыға берілді.
Дегенмен, шыны керек, Руслан жеңіс үшін соншалықты көп күш салған жоқ. Бәлкім, қарқынын раунд өткен сайын үдете түсем деп үміттенді ме екен? Ендеше Каномен баспен соғысудың қаншалықты қажеті бар еді? Әлбетте, әдейі істемегенін түсінуге болады. Бірақ, байқап жүру боксшы үшін тағы бір сынақ. Оның үстіне, қарсыласы да оңай шағылар жаңғақ емес еді. Кезінде жартылай орта салмақта Пол Мальяниджимен WBA чемпиондық белбеуіне таласты. Оның алдында Эрик Моралеспен WBC чемпиондық атақ үшін айқасты. Рас, екеуінде де жеңіліп қалды. Алайда, өзінің бәсекелестігін дәлелдей білді.
Енді Руслан Мадиевтен бұл жекпе-жектен сабақ алып, алға қарай ұмтыла түсуі керек. Пабло Сесардың өзі де реванш беруге дайын екендігін айтып отыр. Ендеше бұл жеңілістің жай ғана сәтсіздік екендігін дәлелдеуі қажет.