RingKZ Шымкенттегі бокс кешіне қатысушыларды таныстырады
8 маусым күні Шымкентте өтетін бокс кешінің бағдарламасына 8 жекпе-жек кіреді. RingKZ порталы бұған дейн басты кардтағы боксшыларды таныстырса, енді негізгі кеш көркін қыздыратын 5 жекпе-жек туралы мәлімет ұсынады.
№1 жекпе-жек Бауыржан Бекмурзаев – Дилмуроджон Тошхужаев
Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Шымкенттегі бокс кеші 61,2 келіге дейінгі жеңіл салмақтағы жекпе-жекпен ашылады. Бауыржан Бекмырзаев – Қызылорда қаласының тумасы, жасы 31-де, ал рекорды: 1-0, 1 КО. Алдағы кеште ол өзінің кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізбек.
Айта кетейік, ол былтыр желтоқсан айында дебют жасады. Сол кезде қарсыластың секундтары жекпе-жекті 1-раундта жалғастырудан бас тарқан еді.
Өзбекстандық Дилмуроджон Тошхужаев (2-0, 1 КО) өзінің кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жегін өткізбек. Алдыңғы екеуінде ол жеңіске жетіп, біреуінде қарсыласын нокаутқа жіберді.
№2 жекпе-жек. Қалдыбек Қалдан – Баасандорж Батчулуун
Бұл жекпе-жек орта, яғни 72,6 келіге дейінгі салмақта өтеді. Екі боксшы да кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуіне шығады.
Қалдыбек Қалдан кәсіби жолға 22 жасында шықпақ. Қарсыласы – Моңғолиядан келген Баасандорж Батчулуун. Бұл елдің боксшылары, әдетте, қайсарлығымен, мінезімен және ерекше табандылығымен ерекшеленеді. Сондықтан Қалдыбек кескілескен шайқасқа дайын болып, барынша бабынша шығуы керек.
№3 жекпе-жек. Әлішер Әбдуәлім – Ван Даконг
Жамбыл облысының тумасы Әлішер Әбдуәлім кәсіпқой ретіндегі алғашқы жекпе-жегін өткізбек. Дегенмен оған қазірдің өзінде ерекше назар аударылып жатыр деуге болады.
Мәселен еске бірден оның 2021 жылғы мамырда Алматыда өткен Кеңес Одағының Батыры және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған халықаралық турнирде атой салып, жарқын жеңіске жеткені түседі.
8 маусым күні Шымкентте Әлішер бірінші орта салмақта (69,9 келіге дейін) сынға түседі. Оның қарсыласы – қытайлық Ван Даконг (8-3-1,1 КО). Ол 26 жаста. Кәсіпқой рингте 2017 жылдан бері өнер көрсетеді. Ол бұған дейінгі 12 жекпе-жектің 11-ін Қытайда, тағы біреуін Оңтүстік Кореяда өткізген.
№4 жекпе-жек. Жолдас Жеңісов – Шочбозбек Толибжонов
57,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Самат Жетібаев (6-0, 4 КО) Шымкентте кәсіпқой рингтегі 7-ші жекпе-жегін өткізеді. Қазақстандық спортшы 27 жаста, Ақтаудың тумасы.
Алдағы кездесу оның Ақтаудан тыс өткізетін екінші жекпе-жегі болмақ. Жолдас соңғы жекпе-жегін былтыр шілдеде Ташкентте өткізіп, жергілікті боксшыны мерзімінен бұрын жеңген болатын. Ал енді Шымкентте өзбекстандық Шохбозбек Толибжоновпен (2-0) кездеседі.
№5 жекпе-жек. Армат Арманұлы – Никита Горшков
Кәсіпқой рингтегі тағы бір дебютант – Армат Арманұлы. Шымкентте ол екінші орта салмақта (76,2 келіге дейін) сынға түседі.
Армат өзіне назарды жасөспірімдер боксымен айналысып жүргенде-ақ аудара білді. Мысалы 2021 жылы ол алдымен Қазақстан чемпионатын жеңіп алса, одан кейін жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Дегенмен Армат әуесқой бокстағы мансабын әлі де жалғастыруда. Мәселен ол мамыр айының ортасында Астанада өткен «Elord Cup» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері атанды.
Бірақ оның алдағы қарсыласы, 27 жастағы ресейлік Никита Горшковтың кәсіби деңгейде өнер көрсету тәжірибесі көп болмаса да, аз емес. Ол 5 жеңіске жетіп (1 нокаут), 1 рет жеңіліп үлгерді. Бір қызығы, Горшков кәсіпқой рингтегі дебютін 2022 жылдың сәуірінде жеңілістен бастады. Алайда одан кейінгі барлық жекпе-жегін тек жеңіспен аяқтады.
P.S. Көрсетілген 5 жұптың әрқайсысында бір қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады. Олардың барлығын біріктіретін нәрсе – кәсіпқой бокста барынша жоғары деңгейге жетуге деген ұмтылыс. Яғни олардың әрқайсында өзін көрсетіп, дәлелдеуге деген жігер бар. Оның үстіне Шымкенттегі бокс кеші оларға мамандардың да, көрерменнің де назарын аударуға мүмкіндік береді. Кім мықытыны, әрине, шаршы алаң көрсетеді.
Ал 8 маусымдағы бокс кешінің негізгі кардтағы боксшылары туралы RingKZ дайындаған «Шымкенттегі бокс кешінің басты кардында кімдер кездеседі» мақаласынан оқуға болады.