Ресми. Головкин мен Альварес келісімге келді

2018 ж. 14 маусым
Ресми. Головкин мен Альварес келісімге келді

Қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес өзара келісімге келді. Қарымта айқас 15 қыркүйек күні өтеді.

Бұл туралы боксшылар да, олардың промоутерлері де ресми түрде мәлімдеме жасады. Жекпе-жек дәл былтырғы уақытта Мексика Тәуелсіздігі күніне орай өтеді.

– Шынымды айтсам, әбден шаршадым. Енді аздап демалғым келеді. Жанкүйерлердің ләззат алуы үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасадық, – деген Golden Boy промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес келіссөздердің өте қиын болғанын айтып, соңғы сәтте ғана қос тараптың көңілінен шығатын келісімге келе алғандықтарын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Головкин мен Канело 16 қыркүйекте жұдырықтасып, даумен аяқталған жекпе-жек тең аяқталған болатын. Сол айқаста Головкин табыстың 30 пайызын еншілесе, қалған 70 пайызын қалтасына Канело басқан. Нақты цифрмен айтсақ, Геннадий 24 миллион, Альварес 42 миллион пайда түсірген. Осы табыстың арқасында қазақстандық былтыр Forbes журналының ең бай спортшылар рейтингінде 72-ші орыннан көрініп, мексикалық «сары бала» 15-ші орынға тұрақтаған.

Алайда, мұндай гонорар Головкинге аздық етті. Оның үстіне, мамыр айында өтуі тиіс болған жекпе-жек Канелоның кесірінен болмай қалғандықтан Triple G табыстың теңдей бөлінуін талап етіп, 50/50 ұстанымынан қайтпады. Әу баста 65/35 пайыз деп кеуде қаққан Golden Boy өкілдері Геннадийдің гонорарын 42,5 пайызға дейін көтерді. Жерлесіміз бұған да келіскен жоқ. Ал бүгін түнде қос боксшының өзара келісімге келгендігі туралы ресми ақпарат жарық көрді. Головкинге қанша пайыз ұсынылғаны туралы дерек әзірге жоқ, дегенмен The Ring журналының мәліметінше, бұл жекпе-жектен Головкин кемі 40 миллион доллар табуы тиіс.

Ал егер Канеломен келісе алмаған жағдайда Геннадий Головкин тамыз айында WBO чемпионы британиялық Билли Джо Сондерспен кездеспек болған екен. Рас-өтірігін қайдам, Том Леффлер осылай депті.

Сонымен, «Санта-Барбараға» айналған Головкин мен Альварес арасындағы хикаяның екінші маусымы да шарықтау шегіне жетті. Боксшылар осы жолы нүктен қойып тастаса дұрыс болар еді.

Текст: Sadvakas Maikibayev