Олександр Усикті абсолютті салмақта не күтіп тұр?

2018 ж. 22 тамыз
Олександр Усикті абсолютті салмақта не күтіп тұр?

Дүниежүзілік бокс супер сериясының арқасында ауыр салмақ дәрежесінің барлық чемпиондық белбеулерін біріктірген Олександр Усик енді абсолютті салмаққа ауысуды көздеп жүр. Дегенмен, оның бұл шешіміне қарсы болып жатқан мамандар да бар. Сараптап көрелікші, украиналыққа алыптармен айқасқан дұрыс па, әлде «крузервейтте» жүре берген жөн бе?

Дүниежүзілік бокс сериясының барысында Олександр Усик 91 келіге дейінгі мықты боксшыларды түгел жеңіп, осы салмақтың барлық белбеуін біріктірді. Шынын айтқанда, украиналыққа лайықты боксшылар да қалмады. Табыс түсіре алатындары да аз. Енді Усик «крузервейтте» тек Мурат Гассиевпен қарымта айқаста немесе тағы бір ресейлік Денис Лебедевпен кездесуде ғана аз-кем табыс таба алады. Сондай-ақ, польшалық Анджей Фонфара, кубалық Юниерис Дортиос пен канадалық Жан Паскаль да азын-аулақ тиын-тебен түсіруі мүмкін. Ал өзгелерінен пайда таба алады дегенге сену қиын. Сондықтан да шығар, Усик қазір аса ауыр салмақ дәрежесіне көз тігіп, британиялық Тони Бельюді жекпе-жекке шақырды. Өйткені, «крузервейтте» ол көз тіккен ешкім қалған жоқ.

Ал аса ауыр салмақ дәрежесінде Усикті не күтіп тұр? Жартылай ауыр салмақтан бастап, абсолютті салмақ дәрежесіне дейін жеткен және әр салмақта әлем чемпионы атанған әйгілі Эвандер Холифилд бұл туралы былай дейді:

– Аса ауыр салмақ дәрежесінде Усиктің басты көзірі – жылдамдығы болмақ. Бірақ, ол ауыр соққының қандай екенін де сезінеді. Кезінде супер ауыр салмаққа жаңа ауысқанымда мен де бас сындырардай соққылардан жынданып кете жаздағам. Талай соққы алдым, басым дызылдап кететін. Үйрену үшін біраз уақыт керек болды.

Иә, абсолютті салмақта Усикті Белью ғана емес, Деонтей Уайлдер, Тайсон Фьюри сынды 115-120 келілік боксшылар да күтіп тұр. Сондай-ақ, Энтони Джошуа мен Дилиан Уайт сынды жұдырықтары күректей алыптар да бар. Дегенмен, уақыт өте келе «украиналық атаман» да бұл салмаққа үйренісіп кетері хақ. Өзінің де салмағы келісіп тұр. Қолымызда бар ақпараттарға сүйенсек, Усиктің күнделікті салмағы 97-100 келінің маңайы екен. Бәлкім, белбеуге қол жеткізу қиын болатын да шығар. Бірақ, үлкен айқастар мен табысты жекпе-жектер үшін тәуекел етіп көрген артық болмайды-ау.

Текст: Sadvakas Maikibayev