НВО Ковалевтен бас тартты ма?
Кәсіпқой бокс әлеміндегі №1 телеарна саналатын НВО Сергей Ковалев пен Элейдер Альварестің қарымта жекпе-жегін трансляциялаудан бас тартты.
Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 4-і күні Атлантик ситиде Элайдер Альвареспен айқасқан Сергей Ковалев жеті раунд бойы жеңіп тұрып, жетінші раундта қатарынан екі нокдаун алды. Ал үшіншісінде ауыр нокаутқа түсіп, оңбай жеңілді. Сол күні-ақ былғары қолғабын шегеге ілетіндігін мәлімдеген ресейлік боксшы араға үш күн салып, қайта жаттығуға кірісетіндігін және Альваресті қарымта айқасқа шақыратындығын айтты.
Дегенмен, boxingtalk.com сайтының жазуынша, Сергей Ковалевтің жекпе-жегін бірнеше жылдан бері көрсетіп келе жатқан НВО телеарнасы бұл айқасты көрсетуден бас тартыпты. Ковалевтің промоутері Кэти Дуваның аталмыш сайтқа берген сұхбатына сүйенсек, америкалық телеарна бұл жекпе-жектен бас тартқанымен келісімшарт бойынша НВО Ковалев – Альварес кездесуін өзге үшінші тарап ұсынған қаржыға сатып ала алады екен.
Бұл Сергей Ковалевтің шау тартқандығының айқын көрінісі болса керек. Әлбетте, әлемде НВО-дан басқа да бокс арналары жетерлік. Showtime болсын, ESPN болсын,тіпті Эдди Хирнмен тікелей байланыс орнатқан DAZN болсын, Ковалевтің жекпе-жектерін сатып алуға дайын. Алайда, шын мықтыларды НВО ғана мойындайды.