Нонсенс. Тайсон Фьюри қарсыласын құрметтеуді үйренді

2018 ж. 19 тамыз
Нонсенс. Тайсон Фьюри қарсыласын құрметтеуді үйренді

Солтүстік Ирландия астанасы Белфаста өткен кәсіпқой бокс кешінде «атан боксшылар» Тайсон Фьюри мен италиялық Франческо Пьянета кездесіп, 10 раундтық айқастың қорытындысы бойынша Тайсон жеңіске жетті.

Айта кетейік, абсолютті салмақ дәрежесінің экс-абсолютті чемпионы Тайсон Фьюри үш жылдық үзілістен кейін кәсіпқой карьерасын биыл қайта бастап отыр. Осыдан екі ай бұрын албаниялық Сефер Сефериді төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңген. Әлі есімізде, шаршы алаңда бокс емес, шоу көрсеткен Фьюри жанкүйерлерді төбелесімен емес, шоуымен өзіне баураған. Бірақ, кейбіреулері оның рингтегі бұл әрекетін дұрыс түсінбей, күлкіге де айналдырған. Сондықтан шығар, бұл жолғы жекпе-жегіне өте байсалды шығып, қарсыласына да құрметпен қарады

– Бұл – шоу. Тайсон Фьюридің шоуы. Менің жекпе-жегіме халық ләззат алу үшін келеді. Мен оларға қалаған нәрсесін беремін. Дегенмен, қарсыласымызға құрметпен қарайтын кез келді. Шаршы алаңға бір-бірімізді өлтіру мақсатында шығуды қою қажет. Ал Пьянета үшін дұға қыламын. Өзінің ең үздік жекпе-жегін көрсетсін деп тілеймін. Өлтіремін деп айтпай-ақ қояйын, тек жеңіске жетуді ғана қалаймын. Ол үйіне аман-есен оралуы тиіс. Иә, мен сондай адаммын. Ешкімге жамандығым жоқ, – деген болатын айқас алдында Тайсон Фьюри.

Расымен де, Тайсон бұл жекпе-жекке өте байсалды шықты. Өзі де 10 раундтық айқасты бастан-аяқ өткергісі келгені көрініп тұрды. Әйтпесе, кез келген сәтте қарсыласын нокаутқа түсіретін мүмкіндігі болған. Өйтпеді. Тіпті, нокдаун да орын алған жоқ. Алыптар салмағында бұл сирек кездесетін нәрсе. Алайда, Деонтей Уайлдермен болатын жыл соңындағы жекпе-жектің қарсаңында жақсы дайындық болғаны рас.

Текст: Sadvakas Maikibayev