Нокаутсыз жеңіс немесе Елеусіновтен расымен ештеңе шықпай ма?
Кеше Уэльс астанасы Кардиффте өткен кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға жерлесіміз Данияр Елеусінов үшінші жекпе-жегін өткізіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Дегенмен, бұл жекпе-жек көпшіліктің көңілінен шықпаған сияқты. Бірінші кезекте Даниярдың өзі де көңілі толмағанын білдірді.
Алты раундқа созылған айқастың алтауында да төрешілер Елеусіновтің басым болғанын айғақтады. Қапталдағы үшеуінің де қағаздарында 60:54 есебі тіркеліпті. Бірақ, Даниярдың өзі қалағандай нокаут болған жоқ. Нокдаунды да көре алмадық. Венгриялық Габор Горбич басы темір боксшы екен.
Жалпы, кешегі кездесуі бар, бұған дейінгі айқастары бар, әуесқой бокстағы карьерасы бар, Даниярдың алдағы жекпе-жектеріне қандай болжам жасауға болады?
Негізі, 30 жасар Габор оңай шағылар жаңғақ емес. Венгриялық «джорнимен» кәсіпқой бокста 36 кездесу өткізіп, соның 12-сінде жеңіліп қалғанымен нокаутқа 4-ақ рет түсіпті. Соңғы төрт жекпе-жегінде соңына дейін шыдаған. Өте агрессивті саналатын өзбек Шахром Ғиясовтың өзі де құлата алмаған.
Ал Данияр Елеусінов қарсыласын бір соққымен естен тандыратын нокаутер емес. Ол шаршы алаңда билеп жүріп, қарсыласын болдырып барып жеңетін боксшылардың қатарынан. Мұндайларды «аутфайтер» деп атайды. Яғни, қорғана жүріп шабуылдайды. Өзі құлатпаса да, өзіне соққы дарыта қоймайды. Мейуезер де сондай боксшы. Сондықтан, шетелдік фанаттардың «Эдди, сенің боксшың ішті қатты пыстырады» деген сынды пікірлеріне аса назар аудармай-ақ қойған жөн. Флойдтың де төбелестері ешкімге ұнай бермейді. Бірнеше жылдан кейін Елеусіновтің де рекордсы 50-0 болып, нокауттарының саны 10-ға жетер жетпес болып жатса, таңғалмаңыз. Тек карьерасы оң болсын дейміз. Қанша дегенмен, кәсіпқой бокста көп нәрсе промоутерлеріне де байланысты ғой.
Алайда, «Данияр Елеусіновтің ерлігі тым әсіреленген», «Қазақтың найзағайынан» түк шықпайды», «Жанкүйерлер одан жылдам жериді» деген сынды пікірлер расымен де шетелдік бокс сайттарында өріп жүр. Сондықтан, бастапқы 10 айқасында Даниярға қалайда көбірек нокаут керек. Әйтпесе, бокс әлемі оны шынымен де қабылдамай қоюы мүмкін. Кәсіпқой шаршы алаңға енді қадам бастаған боксшы үшін бастапқы жекпе-жектерін барынша нокаутпен аяқтаған дұрыс.
Айтпақшы, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті дұрыс айтқан.
– Каратистің мәнерінде жұдырықтасуды қайдан шығарып жүр? Секіреді, жүгіреді, жұдырығын ары-бері сермейді, ауа қармап жүр. Бірақ нәтиже жоқ. Ковалев те тура солай болды. Ұрмайды, соқпайды, қорғанысы да нашар. Басы ашық. Ол құламағанда кім құлайды?.. Сондықтан, Даниярға да қорытынды шығару қажет, – деді Виктор Леонидович.
Енді Елеусіновтің келесі кездесуі қазан айының 6-сы күні АҚШ-та өтеді деп жоспарланған. Даниярға кешегі жекпе-жегінен қорытынды шығарып, алдағы айқасына жақсылап дайындалуы қажет. Бірақ, қабағы… Ол енді басқа тақырып.