Мейуэзер мен Пакьяо қарымта айқас өткізуі мүмкін бе?

2018 ж. 9 қазан
Мейуэзер мен Пакьяо қарымта айқас өткізуі мүмкін бе?

2015 жылдың мамырында өзара кездесіп, үш чемпиондық белбеуден бөлек, 300 миллион долларды сарапқа салған бокс әлемінің қос титаны Флойд Мейуэзер мен Мэнни Пакьяо шаршы алаңға қайта шығып, қарымта айқас өткізуі мүмкін. Жекпе-жек желтоқсан айының алғашқы жартысында Лас-Вегаста өтеді деп күтілуде.

Естеріңізде шығар, «Ғасыр жекпе-жегіне» баланған 2015 жылғы айқаста 4,6 миллион PPV сатылып, боксшылар қалтасын қомақты соммаға қомпайтқан еді. 300 миллион доллардың 120 миллионын «Пакмэн» алса, қалғанын Мейуэзер қалтасына басқан. Содан кейін тағы бір жекпе-жек өткізген Money былғары қолғабын шегеге ілген. Алайда, тағы ақша керек болып, былтыр Конор МакГрегормен бокстың ережесі бойынша төбелесті.

Шамасы, ақшасы азайды-ау деймін, Флойд жаттығуға қайта кірісті. Енді Мэнни Пакьяомен қарымта айқас ұйымдастырмақ. Қыркүйектің ортасында Жапониядағы музыкалық фестивальдардың бірінде кездесіп қалған қос боксшы реванштың мәселесін талқылапты. Көп созбай, Мейуэзер «инстаграмдағы» ресми парақшасына «Желтоқсан айында мен сенің белбеуіңді шешіп алам. Сонда тағы да «иығым шығып кетті» деп ақталушы болма», – деп жазған болатын. Ал кейін америкалық боксшы жаттығуға оралғанын мәлімдеп, «Мэнни Пакьямон осы жылы төбелесу үшін шаршы алаңға қайта ораламын. Мені тағы бір тоғыз сандық гонорар күтіп тұр» деген. Тоғыз сандық цифр. Бұл кемі 100 миллион доллар деген сөз. Пакьяо да қарап қалған жоқ. «Екеуміздің төбелесімізден кейін сенің рекордсың 50-1 болады», – деп жауап қатты.

Алайда, Мейэузер мен Пакьяо арасындағы бірінші айқасты ұйымдастырған әйгілі промоутер Боб Арум реваншты өткізіп беруге құлықсыздық танытып отыр.

– Мен олардың бірінші жекпе-жектерін керемет қылып өткізіп бердім. Ол кезде екеуі де бабында, жеңіс тұғырында, бокс шыңында болатын. Ал қазір қартайып, шау тартқан боксшылардың тірліктеріне араласқым келмейді. Бұл жерде спорттық ұстаным емес, алдыңғы орында тұр. Жанкүйерлер бұл жекпе-жек үшін миллиондарын тастай салады деп ойлап жүрген шығар. Бәлкім, солай да болуы мүмкін. Бірақ, мен бұған араласпаймын, – деді Боб Арум.

Расымен де, бұл жерде бірінші кезекте чемпиондық атақ емес, ақша тұрғаны анық. Қанша жерден «белбеуіңді шешіп алам» деп ұрандатқанымен Мейуэзерге Пакьяоның WBA regular белбеуінің бес тиынға да қажеті жоқ. Мұндай белбеулердің талайымен қиналмай-ақ қоштасқан. Ал ақша үшін бәріне дайын. Тіпті, былтыр былғары қолғабын қайта киіп, UFC жұлдызы Конор МакГрегормен кәсіпқой бокстың ережесі бойынша төбелескен. Енді алдағы уақытта ирландиялықпен UFC ережесі бойынша октагонға шығып жатса, таңғалмаймыз. Ал оған дейін Мейуэезерге «Пакменмен» төбелесіп, қалтасын қампайтудың мүмкіндігі туып тұр.

Әлбетте, Флойд пен Мэннидің қарымта айқасы бірінші жекпе-жек секілді 4,6 миллион PPV жинамауы мүмкін, бәске 300 миллион доллар тігілуі де екіталай. Дегенмен, қос боксшының да фанаттары әлемде әлі де миллиондап саналатынын ескерсек, бұл айқас кемі 2 миллион PPV жинауы тиіс. Мейлі, бұдан да төмен болсын, бірақ Головкин мен Альварестің қарымта айқасындағы көрсеткіштен кем түспесі анық. Ал гонорарлары 300 миллионды құрамаса да, 50 миллионға жетеқабыл болатын шығар. Сондықтан, бұл жекпе-жек потенциалды демеушілер мен телеарналар үшін қызық болары сөзсіз.

Телеарна демекші, жекпе-жекті көрсетуге «Шоутайм» телеарнасы ниет білдіріп отыр. Мұны арна басшысы Стивен Эспиноза да растады. Демек, бұл жекпе-жектің түбі өтері анық. Биыл үлгермесе, келесі жылдың басында. Ендеше, попкорндарыңызды дайындап, диванға жайғаса беріңіздер.

Текст: Sadvakas Maikibayev