Мэнни Пакьяо неге чемпиондарды емес, Эдриен Бронерді таңдады?

2018 ж. 18 қазан
Мэнни Пакьяо неге чемпиондарды емес, Эдриен Бронерді таңдады?

Жартылай орта салмақта мықты боксшылар өте көп. Теренс Кроуфорд, Эррол Спенс, Шон Портер, Дэнни Гарсия, Амир Хан, Келл Брук, Джесси Варгас… Бәрі де бос, бәрі де Мэнни Пакьяоға қарсы шаршы алаңға шығуға құштар. Дегенмен, «Пак Мэн» ешқандай чемпиондық белбеуі жоқ Эдриен Бронерді таңдады. Неліктен? Себебін анықтауға тырысып көрсек.

Мэнни Пакьяо бүгінде жартылай орта салмақта WBA чемпионы. Логика бойынша, боксшы барлық белбеулерді біріктіріп, абсолютті чемпион атанғысы келетіні түсінікті. Ал өзге тұжырымдарға келер болсақ, WBC чемпионы – Шон Портер, ІВҒ чемпионы – Эррол Спенс, WBO чемпионы – Теренс Кроуфорд. Дегенмен, Пакьяо белбеулердің деңгейінен асып кеткен боксшы. Оған қазір чемпиондық атақтан гөрі ақша маңыздырақ. Оның үстіне, Мэнни енді үш айқастан кейін карьерасын аяқтайтынын мәлімдеген. Ендеше, Эдриен Бронер бұл тұрғыда филиппиндік үшін таптырмас қарсылас. Неліктен дейсіз ғой?!

Біріншіден, бүгінде ешқандай чемпиондық атағы болмағанымен Эдриен Бронер төрт салмақтағы экс-чемпион. Сондықтан, оны әлсіз боксшы деуге келмейді. 2013 жылы Р4Р рейтингінде үздік бестіктен орын алған. Қазірдің өзінде жартылай орта салмақтың рейтингінде 8-ші орында тұр. Ал рекордсы – 33-3-1, 24КО, үш рет жеңілгенімен нокаутқа түспеген екен. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Мэнни Пакьяо шаршы алаңда 69 айқас өткізіп, соның 60-ында жеңіске жетсе, жетеуінде ұтылып, екеуінде тең түскен. 39 боксшыны нокаутқа түсіріп, өзі 3 рет құлаған.

Екіншіден, Эдриен Бронер Америкадағы ең атышулы боксшылардың бірі. Кәсіпқой боксты 2008 жыоы 19 жасында бастап, бірден фанаттарын жинап алды. Тіпті, бір кездері оны Флойд Мейэуезердің көшірмесі дегендер де көп болған. Бірақ, 2013 жылы Маркос Майданадан жеңіліп қалғаннан кейін Мейуэзермен салыстырушылар азая бастады. Есесіне «Проблема» деген жаңа лақап ат тапты. Расымен де, Эдриен Бронер жүрген бір проблема. Тілін тартып қалатындардың қатарынан емес. Аузына келгенін айта салады. Кафеде біреуді сабап тастау, жанкүйерлерін ұрып тастау бұл боксшы қалыпты жағдай. Тіпті, бір айдай абақтыға отырып шыққаны да бар. Бір сөзбен айтқанда, Эдриен Бронер әрдайым ел аузында. Ал мұндай боксшылардың төбелесін көруге кез келген жанкүйер ақшасын аямайтыны анық.

Үшіншіден, Пакьяо мен Бронердің потенциалды кездесуі жайлы сонау 2013 жылдан бері айтылып келеді. Жекпе-жекке шақырып жүрген Эдриеннің өзі. «Пак Мэн» тарапына неше түрлі намысқа тиер сөздер айтып, әбден аузына келгенін айтқан. Болмаған соң, 2014 жылы Пакьяоның сол кездегі промоутері екеуін шаршы алаңда кездестіргісі келген. Бірақ, Бронер 4 миллион долларды азсынып, артында жеті нөлі бар гонорар сұрады. Эдриен әлі де филиппиндікті сөзбен сыбап келеді. Оның әрбір пікірі баспасөз беттерінде «бомба» айдарымен жарық көріп жүр. Бұл әлбетте, Мэнни үшін де тиімді. Былайша айтқанда, жекпе-жекке жарнама жап-жақсы жасалды. Жанкүйерлер де екеуінің төбелесін тағатсыздана күтіп жүр. Ендеше, бұдан әрі созудың қажеті не?

Сонымен, жекпе-жек 2019 жылдың басында Лас-Вегаста өтетін болды. Нақты датасы әзірге айқындалған жоқ. Дегенмен, қаңтардың 12-сі немесе 19-ы күні өтуі тиіс. Осылайша, жаңа жыл керемет айқаспен басталғалы тұр. Себебі, екі боксшы да жеңілуден қорықпайды, екеуі де шегінгісі жоқ.

Текст: Sadvakas Maikibayev