МАТ – «Сығанның» өкініші немесе Сондерс қай жерден қателесті?

2018 ж. 11 қазан
МАТ – «Сығанның» өкініші немесе Сондерс қай жерден қателесті?

Бүгін ұлыбританиялық боксшы Билли Джо Сондерс (26-0, 12КО) WBO чемпиондық белбеуінен ресми түрде айрылды. Енді ол ешкімге керек емес. Кезінде артынан жүгірген Головкин де, Канело да енді оған қарамайды. «Сығанның» бүгінде өкініштен өзегі өртеніп жатқан шығар. Неге дейсіз бе?

Ұлыбританиялық «Сыған» WBO белбеуін 2015 жылдың желтоқсанында отандасы Энди Лиден тартып алған болатын. Содан бері чемпиондық атағын үш-ақ рет қорғады. Бірде аяғы ақсап, бірде қолын ауыртып алып, бірде көңіл-күйі болмай, жоспарланған жекпе-жектерін кейінге шегерудің шебері еді. Құдды бір, ертегідегі бауырсақ секілді. Кезінде украиналық Максим Бурсактан да қашып кетті, британиялық Мартин Мюррейді де сазға отырғызды, Канелоға да жеткізбеді, Головкинге де ұстатпады. Бірақ, ақыры қақпанға түсті. Түлкінің рөлін VADA сомдады. Ағзасынан оксилофриннің белгісін тапқан Дүниежүзілік антидопингтік агенттік боксшыны енді бұлай бос жібере салмайды.

Қазанның 20-сы күні Билли Джо Сондерс АҚШ-тың Бостон қаласында Деметриус Андрадемен айқасып, орта салмақтағы чемпиондық атағын қорғауы тиіс болатын. Алайда, ағзасынан оксилофрин дәрісінің белгісі табылғаннан кейін Массачусетс штатының атлетикалық комиссиясы боксшыны жекпе-жектен аластатқан. Ал бүгін WBO чемпиондық белбеуінен де айрылды. Енді Канело секілді кемі алты айға бокстан аластатылуы да ғажап емес. Егер әлгі допинг бәлесі болмағанда Андрадемен айқас үшін 2,3 миллион доллар гонорар алар еді. Дегенмен, Сондерстің басты өкініші бұл емес.

Билли Джо кезінде Головкиннің ұсынысына келісе салмағанына өкініп отырған шығар. Сары майдай сақтап келген белбеуін барынша қымбатқа сатқысы келген. Том Леффлер ұсынған 5-7 миллион долларға келіспей, батпан құйрыққа қол жеткізгісі келген Сондерс сол кездегі қырсықтығына енді өкініп отырған шығар. Сол кезде белбеуін Головкинге әлгі бағаға «ұстата» салғанда қазір Triple G де бақытты, өзі де қалталы болар еді. Енді ол ешкімге керек емес. Енді оған бәрі де саусақтарын шошайтып күлетін болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev